Қарағандылық кеншілер Головкинді қолдау мақсатында ерекше флешмоб түсірді (видео)

28.05.2019 18:54

Қарағандылық кеншілер өздерінің танымал жерлесі – боксшы Геннадий Головкинді қолдауға арналған бейнеролик түсірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Шұбаркөл көмір» АҚ «Орталық» және «Батыс» разрезінде жұмыс істейтін кеншілер танымал жерлестері – кәсіпқой бокста чемпион болған Геннадий Головкинге Стив Ролсқа қарсы өткізетін жекпе-жегінде жеңіс тіледі. «Сенің соққыларың жүз мың текше метр таулы массаның жарылысындай жойқын болсын!» - делінген видеоның сипаттамасында.

Қысқа ғана ролик ERG Kazakhstan YouTube-каналында жарияланған.

Осылайша, жұмысшылар ерекше флешмоб бастады. Олар қазақстандықтарға Головкинді қолдау видеосын түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісу кезінде мына хэштегтерді қолдануды ұсынады:#GGGалға, #GGGalga, #GGGbizbirgemyz, #GGGмывместе.

Идея авторларының айтуынша, бейне жасауға 300 жұмысшы қатысқан. Түсірілім кәсіпорынның өндірістік алаңында өтіпті. Арнайы ролик үшін кеншілер жарылыс ұйымдастыруды шешті. Оның аумағы – 900 шаршы метр.

«12 тонна жарылғыш зат пайдаланылды, ал жарылған тау-кен массасының көлемі 97 мың текше метр болды», – дейді кәсіпорын өкілдері.

Кеншілер 8 маусымда өтетін кездесуді асыға күтетінін және жерлестерінің жеңісіне сенетінін атап өтті.  GGG-дің келесі жекпе-жегі 8 маусымда (Қазақстан уақытымен 9 маусымда) Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.

Толық көрсету