Голбол – көру қабілеті нашар жандар арасындағы танымал ойын түрі
Алматы іргесінен келген 7 команда екі күн бойы бәсекеге түскен болатын. Спорттық шара алдағы Халықаралық зағип жандар күні мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ашық турнир дәстүр бойынша, әнұранмен басталды. Кейін мәртебелі меймандар спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығын сөз етті. Одан кейін, командалар сәлемдесіп, алғашқы жұп анықталды.
Голбол – көру қабілеті нашар жандар арасындағы танымал ойын түрі. Ойын үш ойыншыдан құралған екі команда арасында өтеді. Негізгі шарты – ішінде қоңырауы бар арнайы допты қарсыластың қақпасына кіргізу. Ойын кезінде көру қабілеті нашар адамдар арнайы жарық өткізбейтін көзілдірікті киіп, доптың ішіндегі қоңырау үніне қарай ойнайды.
Голболдан зағиптар арасындағы жарыс кезінде залда тыныштық сақталу міндетті. Өйткені ойыншылар допты дыбыс арқылы анықтап, ұстайды. Матч 6 минуттан екі таймға созылады. Егер есеп 10 - 0 болса, ойын уақытынан бұрын тоқтатылады.
Жарысқа қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келгендерін айтады. Барлығы жүлделі орынна үмітті. Айтуларынша, аталған спорт түрі өмірге деген құлшынысты арттырады.
«Талдықорғанның атынан «Жетісу шабыты» деген командамды алып келіп отырмын. Әрине жоғарғы орындардан үміттіміз. «Дені саудың – жаны сау» дейді. Спорт – денсаулық кепілі, сондықтан көз жанардан айырылсақ та, өмірге деген құлшынысымыз әлі жоғары. Спортта да, мәдени салада да бірдей жұмыс істеп келеміз», - деді жарысқа қатысушы Әлікен ДӘРКЕНБАЕВ.
«Өте қызық. Әмбе қалай деп айтсам болады екен... көзің көрмесе де өмірге деген талпынысты одан әрі шыңдайды. Денсаулыққа да пайдасы көп. Көп ойнаймыз осындайды. Ауылда да ойнаймыз. Көзі көретіндердің де көзін байлап ойнаймыз», – деді жарысқа қатысушы Серік ЖҰМАБЕКОВ.
Спорттың бұл түрі 1946 жылы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін сауықтыру мақсатында ойлап табылған. Ал 70-жылдары Паралимпиада ойындары бағдарламасына енгізілді. Бүгінде голбол бойынша Еуропа және әлем чемпионаттары өткізіледі. Қазақстанда 90-жылдары қолға алынып, соңғы екі жылдан бері қарқынды дами бастады.
«Биылдан бастадық бұл жарысты, келесі жылы тағы да ұйымдастырамыз деп отырмыз. Жарыстың негізгі бағыты – 13 қарашадағы Халықаралық көзі көрмейтін адамдардың күні. Және 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күні», – деді Голбол федерациясының Алматы қаласы бойынша вице-президенті Кенжеғұл СЕЙТЖАН.
Дүбірлі додаға Алматы іргесінен 7 команда қатысты. Бірінші және екінші орынды Алматы қаласы мен облысы алса, үздік үштікті Текелі қаласының спортшылары еншілеген. Айта кетейін, жеңімпаздар мен жүлдері орындарға кубок пен медальдар табысталды. Жарысқа қатысушылар да құр қол қайтпады.
Өмір Әнуарбек Валерий Таубалдиев Алматы телеарнасы