4 сәуір Сидней Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттархановтың туған күні. 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған батыр тірі болса бүгін 41 жасқа толар еді. Ғасырлар тоғысында, жаңа жылды қарсы алуға санаулы минут қалғанда жол апатынан көз жұмған батырдың артында ата-ана, бауырлары мен өшпес ерлігі қалды. Almaty.tv Бекзат Саттархановтың қысқа ғұмырындағы өлшеусіз жеңісі туралы сыр шертеді.
Бекзат Сейілханұлы 1980 жылы 4 сәуірде киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.
Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт. Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін.
Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.
Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.
Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді.
Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.
Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.
Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады.
Бексат Саттарханов Сиднейдегі жеңісін Түркістан қаласының 1500 жылдығына тарту ететіндігін айтқан еді. Бұл жеңісі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бекзат Саттархановқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.
Сидней Олимпиадасында тәуелсіз еліміздің туын көкке көтеріп, әнұранын асқақтатқан спортшы 2000 жылдың 31 желтоқсанында, жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда Шымкент қаласы жанындағы Темірлан бекеті маңында автокөлік апатынан қаза болды.
Боксшының әкесі Сейілхан Саттарханов:
«Ұлым өмірде ақкөңіл болғанымен, рингке шыққанда өзгеріп кететін. Көздері шоқтай жанып тұратын. Өзгеше қимылдарды да өзі тауып жүретін», деген екен.
Бекзаттың шеберлігі, шыдамдылығы мен қайсарлығы әр ойыннан көрінетін. Шаршы алаңда қарсыласының қиымылын жіті бақылап, жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салатын.
Бүгінде Түркістан қаласындағы мөлтекауданға Бекзаттың аты берілді. Саттархановтың атындағы спорт мектебі де бар. Жыл сайын Сидней батырын еске алу мақсатында бокстан халықаралық турнир де өтеді. Мұның бәрі Бекзатты ортамызға қайта әкелмесі хақ.
Бекзаттың өмірден өткеніне қанша жыл толса да, Сидней көгінде жағылған жұлдыз жарқырай бермек...
Дереккөз: egemen.kz, qazaqstan.tv, qamshy.kz
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!