Ұйымдастырушылар өткізген 13 кездесуге барлығы 26 спортшы қатысты
Алматыда аралас жекпе-жектен Халықаралық NFC 34 турнирі өтті. Бәсі жоғары додаға ел атынан 11 спортшы қатысып, бақ сынап көрді. Сайыстың басты жаңалығы М1 Gloval-дың бұрынғы чемпионы Арман Әшімов октагонға қайта оралып, кезекті қарсыласын нокаутка түсірді. Ал кештің басты кездесуінде Ресей атынан өнер көрсеткен қандасымыз Серік Разғалиев қырғызстандық қарсыласын 1-ші раундта құлатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы Аренаға» жиналған халық кезекті жекпе-жектің куәсі болды. Бұл жолы ұйымдастырушылар 13 кездесу өткізді. Барлығы 26 спортшы қатысты. Олардың арасында Арман Әшімов пен Шыңғыс Қайранов сынды бетке ұстар файтерлер бар. Соның нәтижесінде, октагонға шыққан 11 спортшымыздың 9-ы жеңіске жетті.
«Нокаутпен жеңуге болатын еді. Бірақ мен өзімді сынау мақсатында ары қарай алып жүре беруді шештім. Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, бір жерде соққым қаттырақ тиіп кетті де, одан кейін ұрайын деп өзімді ұстап қалдым», – дейді жеңімпаз Шыңғыс Қайранов.
«Осындай халықпен өткен жарыстар осы жерде өнер көрсетіп жатқан спортшылардың өзіне жақсы мотивация деп ойлаймын. Шетелде, АҚШ-та өтіп жатқан жарыстардан кем емес деп ойлаймын», – деді “Naiza Fighting Championship” лигасының президенті Нұрбек Қарабалаев.
Ал араға 2 жыл салып октагонға қайта оралған Арман Әшімов пен тәжікстандық Асадулла Рустамовтың арасындағы жекпе-жек ұзаққа созылмады. Спортшымыз алғашқы раундта-ақ қарсыласын нокаутка жіберіп, 1 соққымен сұлатып түсірді.
«Осыдан кейін жаттығу жасап, Жаңа жылға дейін қайта қалпыма келемін. Жаңа Саят «Алла бұйыртса, жекпе-жек береміз» деп айтты ғой... Енді сол күнді үміттене күтеміз», – деді жеңімпаз Арман Әшімов.
Аралас жекпе-жекті тамашалауға келгендердің арасында еліміздің бетке ұстар спортшылары Шавхат Рахмонов пен Ардақ Назаров және Садраддин Ахметов пен Жұман Жұмабеков бар.
Айта кетейік, «Алматы Аренада» өтіп жатқан сайысты тамашалау үшін ашық бағдарламасы арқылы көрермендердің 50 пайызына кіруге рұқсат. Ал ұйымдастырушылар мұндай жекпе-жектерді алдағы уақытта Түркістан, Шымкент және көрші мемлекеттерде өткізуді жоспарлап отыр.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы