Соңғы император: Федор Емельяненко алматылық жас спортшылармен кездесті

03.05.2024 19:18

Ресейлік спортшы кәсіби жолын былтыр аяқтады

Almaty.tv

Қазақстанға есімі төрткүл дүниеге мәлім Федор Емельяненко келді. Аралас жекпе-жектен әлемнің 4 дүркін чемпионы алматылық жас спортшылармен кездесіп, шеберлік сағатын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Соңғы Император» лақап атымен ел аузында қалған майталман дайындық залын бағасын беріп, болашақ жеңімпаздарға толағай табыс тіледі.

– Ақылмен жұмыс істесеңіздер, еңбек еш кетпейді. Жеңілсең де, еңсеңді көтере білу қажет. Жемісті тер төккен адам ғана көреді. Сондықтан аянбаңыздар. Бапкерім айтпақшы, бойдан қуат кеткенше жаттыққанда ғана күш еселенеді. Сонда ғана жеңіс шынынан көрінесіздер, – деді Аралас жекпе-жектен төрт дүркін әлем чемпионы Федор Емельяненко.

Аты аңызға айналған адаммен кездесу Алматыдағы «Сағадат батыр» спорт клубында өткен. Іс-шара барысында жас спортшыларымыз да біліктілігін көрсетіп, өнерін паш етті.

Айта кетсек, ресейлік спортшы Федор Емельяненко кәсіби жолын былтыр ғана аяқтады. Ол 47 кездесудің қырқында жеңіске жетіп, ауыр салмақта бірнеше мәрте чемпион атанған. Дзюдо мен самбодан халықаралық деңгейдегі спорт шебері бүгінде аралас жекпе-жек тарихындағы үздіктердің бірі болып саналады.

– Аралас жекпе-жекте аты аңызға айналған спортшымен бір залда жаттығу жасау, күресіп көру, әдіс үйрену балалар үшін мықты мотивация деп ойлаймын. Жаттықтырушылар көп нәрсеге қызықпай кетуіміз мүмкін. Бірақ балаларға шынымен жігер береді. Мұны іс-шараны ұйымдастырып жатқанда байқадым, – деді  «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға экологиялық білім беру жобасы іске қосылды