Қазақстан құрамасы 27 қаңтарда Алматы арқылы Бейжіңге аттанады
Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасы таныстырылды. Оның үлгісін әзірлеуге 1 жылдан аса уақыт кетіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спорттық киімді дайындау процесіне атлеттердің өзі қатысып, форманың сапасы мен дизайнына қатысты ойларын білдірген. Жазғы Токио олимпиадасының жүлдегерлері де таныстырылымға қатысып, қысқы ойындарда ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тіледі. Және еліміздің атауы алғаш рет латын қарпінде жазылмақ.
«Ел атауының «Qazaqstan» деп жазылуы – ұлттық құраманың әлемдік қауымдастық алдындағы маңызды қадамы. Біздің шетелдік әріптестеріміз жаңа жазуға жоғары баға берді. Спортшыларымызға жанкүйер болыңыздар», – деді ҚР ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 27 қаңтарда Алматы арқылы Бейжіңге аттанады. Төрткүл дүние асыға күткен ақ олимпиада ойындары 4 ақпанда басталады.