Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 24 наурыз күні жартылай финалда Жапониямен ойнайды
Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында теннистен командалық әлем чемпионаты Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жартылай финалистері анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Мәдина Рахымның шәкірттері ширек финалда іріктеу турнирінің екінші ракеткасы – Үндістан командасын ұтты.
Алдымен Ева Корышева қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Содан кейін Еркежан Жаңатаева да қалыспады – 6:4, 6:7, 6:2.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 24 наурыз күні жартылай финалда Жапониямен ойнайды. Жапониялықтар ширек финалда Таиланд командасынан басым түсті.
Биыл Азия – Тынық мұхит аймағынан командалық әлем чемпионатының финалдық сатысына үш жолдама беріледі. Финалдық кезең жазда Чехияның Простеев қаласында өтеді.