Азия чемпионатында еліміздің жас боксшылары екінші орынды иеленді

30.01.2023 20:06

Ол Бангкоктағы бәсекеде ел намысын қорғады

Almaty.tv

Бокстан биылғы Азия чемпионатында алтын алқалаған Санжар Тәшкенбай елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

5 алтын, 3 күміс, 12 қола. Тайландта өткен Азия чемпионатында еліміздің жас боксшылары жалпыкомандалық көрсеткіш бойынша екінші орынды иеленген.

Жас та болса, былғары қолғаптың шебері атанған қазақстандық боксшылар Тайландта өткен чемпионатта 20 медальды қанжығасына байлады. Алматыға жеткен спортшыларды жұрт әуежайдан күтіп алды. Жеңімпаздардың бірі Санжар Тәшкенбай ойын тартысты өткенін айтады.

«Аллаға шүкір, алтынмен оралдық. 4 жекпе-жек өткіздім. Қарсыластарымды  осал деп айта алмаймын. Финалда қиын болды, үшінші раундта баяу қимылдадым. Тағы да жұмыс істейміз», – деді жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай.

Алтын иегері Махмұд Сабырхан да жүлделі болу оңайға соқпағанын айтады. Жекпе-жекте жеңіп шығуға мықты жаттықтырушының көмегі зор болыпты.

«Финалдық кездесуде қарсыласым алаң қожайыны болды. Екі раундта 3:2 есебімен ұтылдым. Мырзағали ағай «Махмұд үшінші раудта бар күшіңді салмасаң, жеңіліп қаламыз» деп ескерту жасады. Ағайды тыңдап, қолымнан келгенін жасап, жеңіске жеттім», – деді жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионы Махмұд Сабырхан.

Ал құрама бапкерлері «боксшылар жоғары дәрежеде өнер көрсетті» дейді. Жігіттермен қатар, әйелдер құрамасы да жеңіс тұғырынан көрінді.

«Жарыстың бәрі алда ғой. Биылғы бірінші чемпионат. Қарадық, көрдік, бәріне ризамыз. Алдағы жарыс – әлем чемпионаты, Азия ойындары. Одан кейін олимпиада іріктеу кезеңі басталып кетеді», – деді бокстан ұлттық құраманың аға бапкері Марат Жәкиев.

Жас спортшылар алда Ташкентте өтетін әлем чемпионаты мен Қытайда болатын жазғы Азия ойындарына дайындалады.

Назкен Еркін, Жадыра Омаржан,Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы