Жеңісті күндерде жүздескенше: Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өтті

01.07.2024 19:37

Бильярд бәсекесіне марқұмның жақындары мен достары, ізін өкшелеген інілері қатысты

Almaty.tv

Алматыда «Жеңісті күндерде жүздескенше» деп дүйім елге атағы мәшһүр болған спорт журналисі Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының қақ төрінде ұйымдастырылған бильярд бәсекесіне марқұмның жақындары мен достары, ізін өкшелеген інілері қатысты. Дәстүрлі түрде өткен доданың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді, дейді ұйымдастырушылар.  

«Жарыстың датасын БАҚ қызметкерлері күніне күніне тураладық. Турнирде медальдар, кубоктар сондай-ақ қаржылай сыйақы болады. Мен өзімнің және «Ақ жол» партиясы атынан қаламгер жастарымызға алғысымды білдіремін», – деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Үстел добына үстемдік еткен командалар үштігінде «Домбыра» мен «Ақындар» командасы көзге түссе, екінші орынға «Атамұра» командасы лайық деп танылған. Ал «Наркескен» ойыншылары бас жүлдені қанжығаға байлады. 

Айта кетейік, бас аяғы 40-қа жуық адам қатысқан турнирге марқұмның жары Назгүл Үркімбаева да арнайы келіп, журналистің жақындары жарқын естелігін бөлісті.

«Амангелді – көп шәкірттерімнің біреуі. Ол алғаш келгенде өзінің болмысымен, мінез-құлқымен көзге түскен жігіт. Сөзге жүйрік, ширақ еді. Тіпті ол бір кездері айтысқа да қатысты», – деді А. Сейітханның ұстазы Намазалы Омашев.