Ойынды өткізудің жаңа күні таяу уақытта жарияланады
Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясы Ханчжоу қаласында XIX Азия ойындары 2022 жылдың қыркүйегіне жоспарланған еді, оның мерзімі кейінге шегерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚазАқпарат мәліметінше, бастапқыда Қытайдың Ханчжоу қаласында 2022 жылғы 10-25 қыркүйек аралығына жоспарланған XIX Азия ойындары кейінге шегерілді. Ойынды өткізудің жаңа күні таяу уақытта жарияланады.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметіне қарағанда, Ханчжоуда өтетін XIX Азия ойындарында 61 дисциплинадан тұратын 40 спорт түрі ұсынылады. Ойындарда 482 алтын медаль сарапқа салынады.
Бейсенбі күні Гонконгтың South China Morning Post газеті Қытайдың Чэнду қаласында 26 маусым мен 7 шілде аралығында жоспарланған Дүниежүзілік жазғы Универсиаданың мерзімі екінші рет кейінге қалдырылуы мүмкін екенін хабарлаған.
Универсиада 2021 жылдың тамызында өтуі тиіс еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты 2022 жылға ауыстырылды.