Алматылықтар жекелей сында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншілеп, турнир кестесінде 6-орынға жайғасты
Бүгін ел астанасында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионаттың соңғы күні өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 700-ге жуық спортшы қатысып, үздіктері анықталуда. Алматылықтар жекелей сында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншілеп, турнир кестесінде 6-орынға жайғасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жасөспірімдердің жаңа маусымдағы алғашқы чемпионаты тартысты өтіп жатыр. Қатысушылар 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Қазір жекелей белдесулер аяқталып, командалық жарыстар басталып кетті. Жекелей сында Шымкент қаласы көш бастаса, Түркістан облысы екінші, Қызылорда облысы үздік үштіктен көрінді.
«Алдымызда жасөспірімдер арасында халықаралық жарыстар болады. Бір жағынан, соған дайындық болды. Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасында әрқашан жақсы нәтиже көрсететін. Бұл жолы да солай болады деп ойлаймын», - деді Қазақстан дзюдо федерациясының рефери директоры Мұхсин Нұртазин.
Осы орайда олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев қазіргі жасөспірімдер арасындағы бәсекелестік жоғары деңгейде екенін айтады. Оларға тек бағыт көрсетіп, қолдау білдіру керек дейді.
«Жасөспірімдер чемпионаты өтіп жатыр. Жасөспірімдер – Қазақстанның келешегі. Осы жерде жақсы іріктеу өтіп, мықты спортшыларымыз жеңіске жетеді деп ойлаймын», - деді олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев.
Айта кетейік, ел чемпионатында топ жарып, жүлдегер атанған дзюдошылар Ұлттық құрама сапына шақыртылады. Әрі қарай бірінші оқу-жаттығу жиындарына қатысып, Ташкентте өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия кубогіне дайындалады.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы