Almaty Arena төрінде мұз айдынындағы керлинг спортынан дүбірлі дода өтіп жатыр. Эстония, Ресей, Финлияндия, Түркия, Швеция, Корея, тіпті Ауғанстан сынды әлемнің 12 мемлекетінен келген 60 спортшы үш күн бойы бағын сынайды. Барлығы 6 жүлделі орын мен Нұрсултан Назарбаев кубогы тартысқа салынған. Ақшалай жүлде қоры 16 мың АҚШ доллары құрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз енді үнемі кубок ұйымдастырып тұрамыз деп шештік. Биыл 4 әлем кубогы, 2 әлем чемпионаты болады. Қазір тиісті келісімге қол қою үстіндеміз. Оған қол жеткізсек, осы аренада керлингтен талай дүбірлі додалар өтеді», – деді ҚР Керлинг қауымдастығының бас хатшысы, ҚР ұлттық Олимпиада комитетінің мүшесі Виктор Ким.
Спорттың осы түрінен Қазақстанның болашағы жарқын екеніне әлемге әйгілі спортшылар да кәміл сенеді. Алматыда өтіп жатқан тартысты додаға Қазақстан құрамасын қолдау үшін атақты чемпион Илья Ильин де арнайы келіпті.
«Мен біздің елімізде керлинг спортының дамып жатқанына өте қуаныштымын. Өз елімізде турнир өткізу арқылы олимпиада ойындарында Қазақстан кёрлинг спортынан да бақ сынаса алатынын көрсеткіміз келеді», – деді ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин.