Ұлытай облыстық құрама сапында құралайды көзге атқан 16 мерген бар
Елімізде аз уақыттың ішінде трендке айналып үлгерген дәстүрлі садақ ату спорты қолдауға мұқтаж, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір жыл бұрын Ұлытау облысында «Ұлы дала жебесі» атты федерация құрылып, құрамына ұлттық спортты жанына серік еткен спортшыларды жинаған. Облыс көлемінде дәстүрлі садақ ату өнерінің іргесін қалаған азаматтардың бірі – Ғалымжан Қалманбай. Ол – Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласында жасөспірімдер арасында дәстүрлі садақ атудың бапкер жаттықтырушысы. Сондай-ақ ересектер арасында спорт шеберлерін дайындап жүр. Алайда ересектерді дайындықтан өткізу үшін арнайы жасақталған залдың болмауы кедергі болып тұрған көрінеді.
– Бұл – жасөспірімдерге арналған орын, 30-35 метр. Ересектерге жарамайды, 70 метр жер керек. Алда көшпенділер ойыны келе жатыр. Оның бәріне Ұлытау облысының құрамасы дайын болу үшін арнайы ғимарат болуы керек. Садақты өз қаражатымызға алдық. Далада дайындалғандықтан, олар сына береді. Әр жарысқа 20-ға жуық оқ керек. Ал даладағы жаттығуда шығын көп, –деді «Ұлы дала жебесі» федерациясының төрағасы Ғалымжан Қалманбай.
Ғалымжан Қалманбайдан дәріс алып, ұлттық спортты еншілегендердің бірі – Болатбек Абуов. Оның атқан жебесінен қайсарлықтың нышаны жарқ етеді.
– Ұлытау – ұлылардың мекені. Бұл жерде дәстүрлі садақ, дәстүрлі спорт дамуы керек деп ойлаймын. Дәстүрлі садақ атуды Ғалымжан Қалманбай ұстазымыз екеуміз дәріптеп жүрміз. Шәкірттер көп, олардың жетістігі де баршылық. Соңғы Астанада өткен республикалық жасөспірімдер жарысында федерация кубогы атынан қатысқан 6 спортшы жеңіспен оралды, – деді дәстүрлі садақ атудан чемпион Болатбек Абуов.
Дәстүрлі спортты жанына серік еткендердің базынасын Ұлытау облыстық спорт басқармасына жеткіздік. Олар бүгінге дейін ғимараттың болмағанын растап отыр. Басқарма басшысының айтуынша, Ұлытау облысында арнайы ұлттық спортты дамыту мектебін ашу жоспарда бар және садақшылардың сұрауы жерде қалмайды. Дайындық жұмыстарына Сәтбаев қаласындағы жасөспірімдер және спорт мектебінен арнайы орын беріледі.
– Сәтбаев қалалық жасөспірімдер мен спорт мектебінен дәстүрлі садақ атудан үйірме аштық. Облыста бір жаттықтырушы жұмыс істейді. 2024 жылы Ұлытау облысында ұлттық спортты дамыту үшін арнайы мектеп ашу жоспарда бар. Бұл жоспар жүзеге асса, аймағымыздың түкпір-түкпірінен садақ ату үйірмесін көптеп ашуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда жалғыз Сәтбаев қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдерге арналған зал жұмыс істесе, сол жерден тағы бір зал алып, ересектерге дайындалатын орын беретін болдық. Дайындықты бастай беруге болады, – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дидар Муталипов.
Облыстық құрама сапында құралайды көзге атқан 16 мерген бар. Олар садақ пен жебені көбінде өз қаражатына алады. Түрлі кедергіге қарамастан садақшылар байрақты бәсекелерде үздік нәтиже көрсетіп жүр.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Елена Рыбакина Брисбен турнирінің жартылай финалына шықты