Алматы активінде Мемлекет басшысының зардап шеккен бизнесті қалпына келтіру және одан әрі дамыту туралы тапсырмаларын орындау бойынша сөйлеген сөзінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев спорт инфрақұрылымын дамыту туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
2021 жылы бюджет қаражаты есебінен Алматыда 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды (Жетісу ауданының Айнабұлақ-2, Құлагер және Кемел шағын аудандарында). Бірінші жартыжылдықта тағы 3 нысан іске қосылады (Алатау ауданының Зерделі шағын ауданында, Медеу ауданының Алатау шағын ауданында, Түрксіб ауданының Жас-Қанат шағын ауданында).
Наурызбай, Әуезов, Алмалы және Түрксіб аудандарында жергілікті бюджет есебінен 7 ДШС жобалануда, олардың құрылысы жыл соңында басталады.
Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығының құрылысы аяқталуда (4 жабық және 10 ашық). Биылғы жылы Алатау ауданында жеңіл атлетика манежі мен Бостандық ауданындағы құзға өрмелеу орталығының жобалары әзірленеді, құрылыс жұмыстары жыл соңында басталады.
«Спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке инвесторларды тартудамыз. 2021 жылы инвесторлар есебінен 380 орындық мінбесі бар көпфункционалды спорт залы, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде бассейн, Жұлдыз-1 шағын ауданында гимнастика, жекпе-жек залы және бассейні бар спорт кешені, ҚазҰУ аумағында 6 корты бар теннис орталығы салынды», – деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Бостандық ауданында әмбебап залы мен бассейні бар спорт кешені; Алатау үстел теннисі орталығы; Орталық демалыс саябағында қалалық велотрек салынуда.
Медеу және Бостандық аудандарындағы скейтпарк, ВМХ-парк; Әуезов ауданындағы күрес клубы жобалау сатысында.
Әкім жан басына қаржыландыру аясында 45 мың баланы спорттың 71 түрі бойынша тегін спорт секцияларымен қамтамасыз ету үшін 1,7 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Сұраныс артқан кезде қаржыландыру артады.
Қалада 2400 ашық спорт алаңы жұмыс істейді. Биыл қаланың барлық аудандарында тағы 261-і ашылады.
Бюджет және МЖӘ есебінен жаңғыртылған 42 мектеп спорт алаңына тағы 30 спорт алаңы салынады және олардың жалпы саны 72-ге жеткізіледі.
Жалпы аталған шаралар мен жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу есебінен балалардың 77%-ы спорт, мәдениет және білім беру салалары бойынша үйірмелер мен секцияларға тегін бара алады.