«Алматы барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

13.06.2022 20:18

Ақтық кезеңі 3 шілдеде елордада өтеді деп жоспарланып отыр

Almaty.tv

Қазақ күресінен «Алматы барысы-2022» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлері белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


30 спортшының арасында өткен сайыста бозкілемге «Қабанбай» деген лақап атымен шыққан Ерасыл Жанатаев топ жарды. 2-орын Ерсұлтан Жорабекке бұйырса, үздік үштіктен Ернар Мағауинов көрінді. Бұл жарыс былтырғы жарыстармен салыстырғанда өзгеше өтті. Қазақ күресіне енген жаңа ережелерге байланысты бүк ұпайы алынып тасталды. Енді палуандар тек таза және жартылай жеңіс, жамбас әдістері арқылы ғана жеңіске жете алады.

«Бұл енді қазіргі қазақ күресіндегі әдіс-тәсілдердің динамикасын арттыру үшін істеліп отырған ереже. Бұл жерде негізінен палуандар күрестің динамикасын күшейтеді. Бір сөзбен айтқанда әдістер көбірек қолданылады», – деді бас төреші Еркін Сайдақов.

«Қазақстан барысы» турнирінің ақтық кезеңі 3 шілдеде елордада өтеді деп жоспарланып отыр. Оған әр өңірден іріктеулерде 1 және 2 орын алған спортшылар қатысады. Аталмыш сайыстың 3 дүркін жүлдегері Руслан Әбдіразақов бүгінде жастар арасындағы бәсекелестік жоғары екенін айтады.  

«Өзім осы 2 шәкірт дайындап едім. Олар дзюдомен айналысады. Қазақ күресінен бірінші жарыстары. Ыңғайын таба алмай жатыр. Енді Алла қаласа алдағы уақытта шәкірттерімнің деңгейін өсірсем деген ойым бар», – деді спортшы Руслан Әбдіразақов.