Алматы жартылай марафонына әлемнің 26 елінен келген әуесқой спортшылар қатысты

Tengrinews.kz
Tengrinews.kz
Олар Тұңғыш Президент Саябағында сөреге шығып, Орталық алаңда мәреге жетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда халықаралық жартылай марафоны өтті. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің 26 елінен келген спортшылар қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Спортшыларға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Алматы марафонының» негізін қалаушы және қамқоршылық кеңестің төрағасы Ғалымжан Есенов сәттілік тіледі.

«Жүгіру сиқырының күштілігі соншалық, жыл сайын шараға қатысушылардың саны артып келеді. Былтыр 3 500 адам қатысса, биыл 26 елден келген 5 000 спортшы қатысып отыр! Жүгіру трассасы AIMS халықаралық марафон қауымдастығының ережелеріне сай сертификаттаудан өтті. Бұл оның сапалы екенін растап, әлемдік стандарттарға сай екендігін білдіреді. Жартылай марафон - қаланың спорттық өмірінің ажырамас бөлігі және «Алматы марафоны» дәстүрінің жалғасуы», - дейді Ғалымжан Есенов.

Жартылай марафоншылар арасында қызу жарыс болды. 21 км қашықтыққа жүгіруден 29 жастағы алматылық Михаил Красилов (1 сағат 9 минут 15 секунд) бірінші болып келді.

Ал екінші орын Тараз қаласынан келген Данияр Орманғалиға (1 сағат 10 минут 29 секунд) бұйырды. Үшінші орын Амар Турубаевқа (1 сағат 12 минут 26 секунд) берілді.  

Ал қыздар арасында бірінші болып Жанна Мамажанова (1сағат 19 минут 8 секунд) келді. Ал екінші болып Мадина Керимова (1 сағат 20 минут 46 секунд) және үшінші Айман Ратова (1 сағат 24 минуты 54 секунды) жүгіріп келді.

Ең жүйрік ерлер мен әйелдер үштігі 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті. Жүлдегерлер әр жас санатында да анықталды.

Биыл жартылай марафон трассасында медициналық көмекпен қамтамасыз ету жағы күшейтілді.

«Трассада жедел медициналық жәрдем бригадалары, велосипед мінген медиктер, Қызыл Жарты Ай Қоғамының еріктілері және Қызыл Жарты Ай Қоғамында жаттыққан Қазақ-Ресей Медициналық Университетінің ерікті студенттері кезекшілік етті. Тас жолда сонымен бірге Cardios медициналық орталығының дәрігерлерінің шатырлары орнатылды. Ешкім ауыр жарақаттанған жоқ, ал әрбір келушіге шұғыл түрде көмек көрсетілді», - деді жарыстың бас дәрігері Оразбек Сахов.

Ертең, демек 14-қазан күні тоғызыншы Алматы марафонына тіркеу ашылады. Жарыс 2020- жылдың 19-сәуірінде өтеді. 2019-жылы марафонға әлемнің 53 елінен келген спортшылар қатысты.

Айта кетейік, Алматы жартылай марафонының ұйымдастырушылары – «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми -білім беру қоры, мультиспорттық #Сенің басқа қырың  Youtube-каналы.

Новости партнеров