Алматыда су жаңа бокс клубы ашылды. Залға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары тегін қатысып, жаттыға алады. Ал, нысан басшылары болашақ спортшыларды даярлау үшін Республикалық деңгейдегі спорт шеберлерін шақыртқан. Одан бөлек салтанатты шараға Данияр Елеусінов те қатысып, құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спортты қолжетімді етуді Айдос Кеспер 10 жыл бойы армандапты. Ақырында қолдаушылары мен туыстарының арқасында бокс залын ашып, мақсатына жетті. Клуб ерекшеліктерінің бірі мұнда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері тегін жаттыға алады. Яғни, 8-ден 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін есік ашық.
«Кезінде біз де бокспен айналысқандықтан түрлі қиыншылықтарды көріп өстік. Сол себепті де өсіп келе жатқан ұрпаққа ешқандай таршылық көрсетпей, жақсы жағдай жасау үшін осындай бокс клубын ашып отырмын. Бұл спорт қазақтың қанында бар болғандықтан осы жерден мықты былғары қолғап шеберлерінің шығарына сенімім мол», – деді Бокс клубының негізін қалаушы Айдос Кеспер.
Бокс – адамның мінезі мен еркі шыңдалатын ерлік мектебі. Оқушылар үшін басты шарт – жеңілмейтін сенім мен қажырлы еңбек. Ал бапкерлер жұдырықтасудың қыр-сырын білгісі келетін жастарға жауынгерлік дағдыларды дамытуға және техникалық тәсілдерді үйретуге дайын. Одан бөлек белгілі боксшы Данияр Елеусінов ринг заманауи стандарттарға сай болғанымен, залды қосымша жабдықтау керегін айтады.
«Залдың тұрған орны өте керемет. Залдың ішінде де орын көп. Бірақ тек қана ринг пен груша екен. Негізі көп залдың өзіндік кемшіліктері болады», – деді Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов.
Айта кетейік, бокспен айналысатын спортшылар үшін клуб таңғы 08.00-ден кешкі 21.00-ге дейін ашық. Залға ақылы барғысы келетіндер үшін де қолжетімді. Яғни, айлық абонемент 24 мың теңгеден басталады.
Мерей Қанапиянов, Айдана Нұраш, «Алматы» телеарнасы