Керлингтен республикалық жарысқа қатысушылар олимпиадашыларға жеңіс тіледі

10.02.2022 20:42

Олар ел үмітін дүбірлі додаға арқалап кеткендер қалай да жүлдемен оралса екен дейді

Almaty.tv

«Олимпиадашыларды қолдаймыз». Алматыда керлингтен республикалық чемпионатқа қатысып жатқан спортшылар Қытайда жүрген отандастарымызға сәттілік тіледі. Турнирде Атырау облысы мен Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының өкілдері бас қосып, өнер көрсетуде. Олар ел үмітін дүбірлі додаға арқалап кеткендер қалай да жүлдемен оралса екен дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

   

«XXIV Қысқы олимпиадаға қатысып жатқан жерлестерімізге, Қазақстан құрамасына сәттілік тілейміз. Жеңіспен елге оралатынына сенімдіміз. Күнде бақылап, қарап отырмыз», – деді керлингтен Атырау облысы құрамасының бапкері Біржан Молдашев.

«Бейжіңдегі спортшыларымызға тек қана жеңіс тілеймін. Барлығы жүлдемен оралсын», - деqді керлингші Нұржан Райымбек.

Айта кетейік, олимпиадада Қытай құрамасының атынан 3 бірдей этникалық қазақ өнер көрсетіп жатыр. Солардың бірі – 22 жастағы Ақнар Адаққызы. Ол конькимен сырғанаудан аспанасты елінің ішкі біріншіліктерінде көзге түсіп, халықаралық жарыстарда жүлдеге іліккен. Кейін Бейжің олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алып, 3 мың метр қашықтықта 17-орынға жайғасты. Ол дүбірлі додада өзінің өнерімен ғана емес, көз тартар табиғи сұлулығымен көпшілікті тәнті етті.  

«Қазақ елі үшін ерекше қуанып тұрмын. Адам саны аз ұлт атынан жарысқа қатысу, олимпиадада күрескерлік таныту – мен үшін мақтаныш. Мемлекетім үшін жарысқа қатысу – мен үшін абырой, даңқты іс. Мұны айтып жеткізу мүмкін емес, қатты толқып тұрмын. Бұл – болашағым үшін үлкен бастама. Отбасым Шыңжаңда теледидардан көріп, қуанып отырған шығар», - деді конькимен жүгіруден Қытай құрамасының спортшысы Ақнар Адаққызы.