Отандастарымыз Украинаға қарсы ойнап, жеңіліп қалды
Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын жарты жолдан аяқтады. Нидерландыда өтіп жатқан кәрі құрлық турнирінің ширек финалында отандастарымыз Украинаға қарсы ойнап, жеңіліп қалды. Қорытынды есеп 5:3 болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Спортшыларымыз матч соңына дейін қарсылас қақпасына барлығы 53 соққы жасап, оның 18-і дәл бағытталды. Алайда көпшілігі қақпа бағанасына тиіп, кері қайтып жатты. Қазақстан құрамасынан Оразовтың орағытып салған голдары мен Дугластың дөп тигізген соққылары ғана көңілге медеу болды.
«Менің жасым 35-те. Бұл турнирде жеңіске жетуді қатты армандап едім. Әттең... Кәсіби мансабым да аяқталып келеді. Шыны керек, ұтылып қалғанымыз маған ауыр тиді», - деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Лео Игита.
Турнирдің сұрмергендер тізімінде әзірге Біржан Оразов жеке дара көш бастап тұр. Еншісінде 7 гол бар. Ал бас бапкер Рикардо Кака сәтсіз ойын үшін бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты.
«Жартылай финалда ойнауды армандаған едік. Дәл қазір бізге өткен матчты қорытындылап, сабақ алу керек. Нәтиже үшін толық жауапкершілікті мен өз мойныма аламын», - деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.