Жеңісін қаза болғандардың отбасына арнады: Шавкат Рахмонов Алматыға оралды

08.02.2022 21:22

UFC жеңімпазы барлығы 94 мың АҚШ долларын иемденді

Жақында ғана UFC-де кезекті жеңісіне қол жеткізген Шавкат Рахмонов елге оралды. Алматы әуежайына жиналған қауым оған жеңімпазға лайық құрмет көрсетіп, қошеметпен қарсы алды. Карьерасында бірде-бір рет жеңіліп көрмеген отандасымыз бүгінде әлем назарында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі спортшының кезекті жетістігінен соң алғашқылардың бірі болып сұхбат алып, алдағы жоспарларымен танысты.

  

Осыған дейін барша қазақ жексенбінің таңын Геннадий Головкиннің жекпе-жегін тамашалау үшін атырса, бүгінде бұл үрдісті Шавкат Рахмонов жалғастырды. Еліне жеңіспен оралған спортшыны жанкүйерлері ауа райының қолайсыздығына қарамастан әуежайға жиналып, қарсы алды.

АҚШ-та 1 айдан астам жаттығу өткізген Шавкаттың елін қатты сағынғаны көрініп тұр. Ол өзін қарсы алған достары мен жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, соңынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұқбат берді.

«Қарсыласым мықты болды. Оны білетін едім. Неге десеңіздер, UFC-те 2 жекпе-жек өткізіп, екеуінде 1-раундта жеңу деген оңай емес. Мен де сол 2 жекпе-жекте ұтып, өзімді көрсеттім. Қуаныштымыз. Бұл таза еңбектің арқасы деп ойлаймын», - деді файтер Шавкат Рахмонов.

Айта кетейік, отандасымыз карьерасындағы 15-ші жекпе-жегін Лас-Вегас қаласында UFC төрінің негізгі кардында өткізді. Ол қарсыласы гайаналық спортшыны 1-ші раундтың соңына қарай ауыр соққының астына алып, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша спортшымыз 15-ші кездесуін де мерзімінінен бұрын аяқтады. Одан бөлек, бұл жеңісін Алматыдағы дүрбелең кезінде қайтыс болған азаматтардың артында қалған отбасыларға арнаған болатын.

Шавкат бұл жеңісі үшін 44 мың доллар еншілесе, турнирдің үздік файтері болған үшін қосымша 50 мың долларды қанжығасына басты. Барлығы 94 мың АҚШ долларын иемденді.

«Құдайға шүкір, жеңіске жетті. Мықты жеңіс болды. Өте керемет әсер алдық. Бұл ары қарай жалғасады деп ойлаймын», - деді «Naiza Fighting Championship» лигасының президенті Нұрбек Қарабала.

Шавкаттың ендігі мақсаты – жыл соңына дейін мықты деген 2 спортшымен жекпе-жек өткізіп, ең үздік 10 файтердің қатарына қосылу.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы