|
23.09.2022 | 15:48
2241

Ұлы дала жорығы: шабандоздар Жошы хан кесенесіне зиярат етті

Шабандоздар 500-ге жуық шақырымдық межені аяқтады

Ұлы дала жорығы: шабандоздар Жошы хан кесенесіне зиярат етті Almaty.tv

«Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының бесінші кезеңінде шабандоздар 500-ге жуық шақырымдық межені аяқтап, Ұлытау облысы Жошы хан кесенесінің басына аялдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марафон-бәйгенің бесінші күнінің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 43 сағат 46 минутта белгіленген межені жүріп өтсе, Шымкент қаласының шабандоздары 44 сағат 25 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Маңғыстау облысының командасы 44 сағат 39 минутта үшінші орын болып келді.

Бесінші кезең ерекшелігі, марафон қатысушылары бұл жолы 100-ге жуық шақырым жүріп, Алаша хан мен Жошы хан кесенелеріне арнайы ат басын бұрды.

«Ұлы дала жорығы» марафон ұйымдастырушыларының бірі ғабит есімбековтің айтуынша, республикалық маңызы бар тарихи ескерткішке аялдау марафонның мәдени бағдарламасына енгізілген.

«Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш санатындағы Жошы хан ескерткішіне арнайы тоқтауды маршрутты сызған кезде жоспарладық. Бәйге-марафонға қатысушылардың Жошы хан есімін танып-білуі маңызды. Біздің сапарымыздың негізгі мақсаты да осы», – деді Ғабит Есімбеков.

Оның айтуынша, шабандоздар Орталық Қазақстанды артқа тастай отырып, енді оңтүстік өлкеге қарай бет алмақ.

«Марафоншылар бүгін Жезқазған – Қарағанды трассасы арқылы жолға шығып, алдағы кезеңдерде күн сайын толық 100 шақырым жүретін болады. Осыған дейін Сарыарқаның бойымен тастақты жермен келген болсақ, Жезқазғаннан ары қарай Бетпақдала басталады. Жер бедері құмды, топырақты келеді. Климаты қатаң, шөлейт, су жоқ десе де болады. Соған қарай су мен шем-жөп жайын жетерліктей қамдап алдық. Негізі жолдың тең жартысын басып өттік. Алда жол қиындай түседі, күн ысиды. Бірақ Қаратаудың етегіне жетіп алсақ, табиғаты ерекше жер», –  деді ол.

Шабандоздар командаларымен бірге әр өңірдің атбегілері мен бапкерлері де 500 шақырымдық жолды басып өтті. Озып келе жатқан команданың жақсы көрсеткіші – тұлпардың жүйріктігі мен шабандоздың шеберлігінен ғана емес, атбегі мен бапкердің қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Жамбыл облысы командасының атбегісі Бауыржан Терлікбаевтың айтуынша, шабандоздардың күнделікті өмірі таңғы саға 05:00-ден басталады. Бап пен бақ қатар шабатын болғандықтан, ең әуелі шабандоздардың денсаулығы мен көңіл-күйі маңызды.

«Қанша жарыстарды көріп жүрміз, мұндай марафон дүниежүзінде бірінші рет болып отыр. Оның өзінің себебі де бар. Қазір аттар жолмен де, жолсызбен де жүріп келеді. Жігіттер жүлде үшін, мақтан үшін келіп отырған жоқ. Бізді орнымыздан қозғаған – намыс. Таң азаннан оянып, аттарды мәреге дайындаймыз. Жол ұзақ болғандықтан команданың қасына екі көлік соңынан еріп отырады. Ұзақ қашыққа жүретін ат шөлдейтін болғандықтан, аузын шайып отырамыз. Бірақ оның да өзінің нормасы бар. Мәселен, аламан бәйгеде атқа су берілмейді. Әр аттың өзінің бабы мен мінезін ескеру қажет. Жем-шөбі де мұқият қадағаланады», – деді Бауыржан Терлікбаев.

Ол осы 12 күндік сапар барысында команда мүшелерінің жанашыр көмекшісіне айналғанын айтады.

«Біреу атын сынаса, біреу бағын сынайды. Шабандоздарға үш уақыт ас-ауқат беріліп отыр, жатар орыны бар. 1200 шақырым жерге ат пен адам қалай жетеді деп әлем қазір таңырқап отыр. Осындай межені бағындырған балалардың өзіне де үлкен мотивация. Әр шабандоздың көңіліне қараймыз. Аттың жай-күйі дұрыс па әлде қарны ашып, шөлдеп тұр ма – барлығы қадағаланады. Адам ғана емес, аттың да көңіл-күйін, тілін табу – біздің міндетіміз», – деді Бауыржан Терлікбаев.

Бұл орайда осы команданың бапкері Олжас Асқарбекұлы бәйгеге Жамбыл облысы командасы таза қанды ағылшын, араб жылқыларын қатыстырып жатқанын атады. Өйткені бұлар – талай сыннан өткен, іріктеліп алынған таңдаулы жүйріктер. Команда бапкерінің айтуынша, кейбір шабандоздардың жарыс жолынан шығып қалуына жолдың алыстығымен қатар сапардың қиындығы да әсер еткен. Ол мұндай бәйге ерік-жігері шыңдалған мықтылар ғана қатысатын жарыс деп санайды.

«Расын айтқанда, біздің команданың дайындығы аздау болғанымен, намысқа тырысып соңына дейін баруға бел байлап отырмыз. Өзім көптеген халықаралық бәйгелерге қатысып, тәжірибе жинағанмын. Көп елдерде аттардың жолы айнадай жалтырап жатады. Ал 1200 шақырымдық бұл жарыста аттардың мықтылығы сынға түсіп жатыр. Жүйрікті бәйгеге дайындаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Шауып келген соң аттардың демін басып, суытып барып шөпке қоямыз. Содан кейін ғана суарамыз. Ауырып тұрған жағдайда оны да білу керек. Әсіресе таза қанды, бабына келген ат жаурағыш болады. Өйткені олардың терісі жұқа келеді. Бәйге аттарын сол себепті жабумен ұстайды», – деді бәйге бапкері  Олжас Асқарбекұлы.

Жошы ханның басына бесін уағында жеткен марафон қатысушылары әуелі ұлық ұлыстың негізін салған баба басына тағзым етті. Жергілікті тарихшы Бақытжан Көпбаев Жошы хан кесенесіне жаз айында күніне 300-400 турист келетінін айтады. Оның ішінде Моңғолия, Түркия, АҚШ азаматтары көп сапарлайтын көрінеді.

«Алаша хан, Жошы хан кесенелері ортағасырлық сәулет өнері үлгісінде салынған. Қазақ даласындағы археологиялық ескерткіштердің бір ерекшелігі – осы күнге дейін жасалу техникасының құпиялығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, бір кесене үлгісі екіншісін қайталамайды. Дегенмен барлық кесене құрылысында сол кездегі көшпелі өркениетке тән құбылыс: жылқы сүті, ешкі сүті, қылы мен қойдың құйрық майы кездеседі. Ә.Марғұлан жазбаларына сүйенсек, Алаша хан кесенесі идеологиялық, мінәжатханалық және қамал негізінде салынған кесене делінеді. Бірнеше рет қазба жұмыстары да жүргізілді. Адам сүйектері табылған», – деді Бақытжан Көпбаев.

1228 жылы салынды деп есептелінетін Жошы хан кесенесінің жобасы тікбұрышты, екі бөлмеден тұрады. Қосарланған күмбезі бар, сондай-ақ ғимарат күйдірілген қызыл кірпіштен салынған.

«Кесене Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханға арнап салынған. Оның салыну тарихы «Ақсақ құлан – Жошы хан» аңыздар желісі арқылы ғана белгілі. Кесенеде 1946 жылы Ә.Марғұлан басшылығымен зерттеу жүргізілді. Кесенеде Жошының жерленгенін археологиялық зерттеу жұмыстары да растайды. Ә.Марғұлан кесенедегі бейіттерде Жошы хан мен оның әйелі жерленгендігі жайлы қорытынды жасаған. Жошы хан кесенесі зиярат ету және туристік нысан санатына жатады. Жаз айында демалыс күндері күніне 300-400 адам келеді», – деді Бақытжан Көпбаев.

Кеш қарая шабандоздардың шатырлы қалашығы думанды кешпен көңілдене  түсті. Бұл орайда Ұлытау облысының әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали Арқадан бастау алған «Ұлы Дала Жорығы» бәйге марафонына қатысушыларға сәт-сапар тіледі.

«Астанадан бастау алған «Ұлы Дала Жорығының» Түркістанға бет алуы тарихи деректерді қайта жаңғыртқандай әсерге бөлеп отыр. Сіздер есімі Алты алашқа мәлім Алаша хан, Домбауыл және Жошы хан кесенелеріне ат басын бұрып, зиярат еттіңіздер. Шабандоздардың шаңғытқан жолында сәттілік серік болсын! Аламан бәйгені Ұлытау жұртышылығы тамашалап, тұңғыш рет өтіп жатқан ірі жобаға куәгер болуы еліміз үшін рухани серпіліс болары сөзсіз. 12 күндік аламан жарыс ат спортына дүмпу беріп, ұлттық спортқа жастардың қызығушылығын оятты. Әлемге билігі жүрген Шыңғыс хан атының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. «Ұлы Дала Жорығы» шабандоздары сол ізбен жүріп, тарихымызды қайта түлетті», – деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Құсманғали.

Айта кетелік, бүгін, 23 қыркүйекте Жошы хан басынан аттанған марафоншылар алтыншы кезең айналымына жолға шықты. Ереже бойынша шабандоздар бүгін кешке 600 шақырымдық межені қорытындылаған соң ат ауысып мінеді.

Осыған орай, бүгін кешкі сағат 19:00-де Жезқазған қаласына жақын Талап ауылы маңында далалық баспасөз мәслихаты өтеді. Марафонның аралық қорытындысы жарияланып, жұртшылық тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріледі.

Анықтама үшін: «Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда. Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны.

Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы.  Бас серіктес – «Самұрық Қазына» АҚ. Серіктес – «Sportqory» спортты қолдау қоры.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир