Бокстан әлем чемпионатының финалында өнер көрсететін боксшылар белгілі болды. Белград қаласында өтіп жатқан байрақты доданың жартылай финалында 5 отандасымыздың 4-уі ақтық кезеңге жолдама алды. Ал Абылайхан Жүсіпов қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлем чемпионатының жартылай финалында шаршы алаңға шыққан отандастарымыз жанкүйерлерін жерге қаратпады. Алғашқылардың бірі болып Махмұд Сабырхан жарыс жолына шығып, үндістандық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
«Ертең ұтуға тырысамын, Алла қаласа. Әлем чемпионы болуыма аз ғана қадам қалды. Ертең әнұранымызды тыңдайтын боласыздар», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Махмұд Сабырхан.
Артынша 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Сәкен Бибосынов та қарсыласынан бір бас жоғары болды. Ол таиландтық Танаарат Саенгфетті 4:1 есебімен жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды. Ал финалда америкалық боксшымен қолғап түйістіреді.
«Енді бұл жекпе-жек мен үшін ауыр болған жоқ. Кешегі және алдыңкүнгі жекпе-жектер ауырлау болған. Тайланд боксшысы жас екен. Дегенмен осал емес. Бірақ жеңіске жеттім», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сәкен Бибосынов.
Одан бөлек, Серік Теміржанов пен Теміртас Жүсіпов те ел намысын абыроймен қорғап, алтын медальге таласатын болды. Ал жартылай финалдан сүрінген Абылайхан Жүсіпов қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының 3 дүркін қола жүлдегері атанды. Алайда ұлттық құрама капитаны төрешілердің шешімімен келіспейді.
«Бокс жанкүйерлерінің бұл спорт түрінен хабары болғандықтан, ештеңе айта алмаймын. Бәрі өз көзімен көрді. Үшінші қолаға да шүкір. Дегенмен спортшы болғаннан кейін, намысқа ұмтылып, алтын таққың келеді ғой», – дейді әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов.
Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ құрамасы финалда жұдырықтасатын боксшылар саны бойынша көш бастап тұр. Екеуінде де 4 спортшыдан бар. Ал бүгін түнде Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырхан алтын медальді сарапқа салады.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы