Қазақстан құрамасы грэпплинг бойынша әлем чемпионы атанды

01.11.2021 22:53

AIGA грэпплинг федерациясының вице-президенті Азамат Оспанов спортшыларымыздың жетістікке қалай жеткені туралы айтып берді

Жақында Қазақстан құрамасы грэпплинг бойынша әлем чемпионы атанды. Мұндай жетістікке спортшыларымыз қалай жетті? Алдағы жоспарлары қандай? Бұл туралы AIGA грэпплинг федерациясының вице-президенті Азамат Оспанов Almaty.tv тілшісіне айтып берді. 

 Азамат Оспановтың пікірінше, Қазақстан құрамасы Бразилия, АҚШ, Ресей құрамаларынан озық шығады дегенге ешкім сенбеген.

«Қазақстан құрамасы әлем чемпионы атанды. Бұл жылдар бойы төгілген маңдай тер мен еңбектің, тұрақты жаттығулар мен еліміздің туын асқақтатсам екен деген арманның нәтижесі деп білемін. Осыдан 5-6 жыл бұрын Қазақстан құрамасы Бразилия, АҚШ, Ресей құрамаларынан озық шығады десе, ешкім сенбейтін еді», деді ол.

Сондай-ақ ол өз сөзінде бұл спорттың қазақстандықтар арасында танымал екенін атап өтті.

«Грэпплинг қазақстандық жастар арасында, әсіресе жасөспірімдердің ішінде танымал спорт түрі. Елімізде күн сайын спорт клубтары ашылып жатыр. Онда жасөспірімдерден бастап, ересектерге дейін жаттығады. Бұл біз үшін көз қуантарлық жайт», дейді Азамат Оспанов.

Оның айтуынша, UFC мен грэпплинг өзара тығыз байланысты. Әлемде қарқынды дамып келе жатқан бұл спорт түрінің болашағы зор екенін айтады.

«UFC мен грэпплинг бір-бірімен тығыз байланысты. Грэпплинг күрестің бір түрі, оның өзінің ерекшелігі мен спецификасы бар. Спорттың дамығаны соншалықты, қазіргі таңда біз білетін күресудің өзі жеткіліксіз, ауыртпа, қылқындыру және де басқа әдістерді жетік меңгеру керек. Оның бәрі грэпплингте бар. UFC чемпиондарының басым көпшілігінің негізі – күрес. Оның ішінде джиу-джитсу мен грэпплингтен чемпиондар көп. Грэпплингтің болашағы өте зор. Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің оң динамикасын елімізде де көріп отырмыз. Сұраныс өте жоғары, осы сұранысты қамтамасыз етуіміз керек», деді ол сөз соңында.

Айта кетейік, Ұлттық құрама спортшыларының қоржынында 2 алтын, 1 күміс және 1 қола бар. Халықаралық делегация мен қатысушылар бұл көрсеткішті жоғары бағалап, жақсы нәтиже көрсеткенін айтты.

Грэпплинг болашақта Олимпиада ойындарының қатарынан бой көрсетеді деген ойдамыз.