Биыл Алматыда қылмыс деңгейі 12 пайызға төмендеген
Биыл Алматыда қылмыс деңгейі 12 пайызға төмендеген. Қалалық полиция департаментінің дерегінше, ұрлық-қарлық пен тонау фактілері де біршама азайған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аралас жекпе-жек бойынша спорт шебері Гуле Мұсаева бірнеше жылдан бері балалар мен ересектерге өзін-өзі қорғау әдістерін үйретіп келеді. Ол күнделікті 40-тан аса шәкіртіне қоян-қолтық ұрыстан сабақ беріп, спортқа дағдыландырып жүр. Жаттықтырушының сөзінше, жекпе-жек алаңына келетіндер, меңгерген дағдыларын біреуге күш көрсету мақсатында емес, керісінше, дене шынықтырып, өзін-өзі қорғау үшін үйренеді.
– Негізгі мақсат – қыздар мен ұлдарды өзін-өзі қорғау әдіс-тәсілдеріне үйрету. Себебі, мәселе өте өзекті болып отыр. Мен түрлі баламен жұмыс істеймін, басты міндет – оларға жеке-жеке көңіл бөлу, спорттық мансабында оң бағыт қалыптастыру, салауатты өмір салтына баулу, агрессияны төмендету, – деді жаттықтырушы Гуле Мұсаева.
Гуле алаңға келген әрбір тәлімгеріне қолдау көрсетуге асығады. Жаттықтырушы сырттан қаржы іздесе де, жас спортшыларды түрлі сайысқа жіберіп отырады. Бастысы – келешек ұрпақ мықты, төзімді әрі білікті болғанын қалайды. Ал жаттығу залына алғашында өзін қалай қорғауды үйренуге келген спортшылар, бүгінде республикалық сайыстарда топ жарып жүр.
– 2023 жылы қыркүйекте келдім. Анам «өзіңді қорғай білгенің жөн» деді. Мен келістім. Егер біреудің артыңыздан аңдығанын байқасаңыз, жалпы қауіп төнсе, үрейге бой алдырмай, ақылмен шешім қабылдау қажет, – деді Аралас жекпе-жек бойынша әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Анастасия Фролова.
Жау жағадан алып, өміріңізге қауіп төнгенде өзіңді қорғай білу қашанда маңызды. Ол үшін қарапайым қағидаларды есте сақтау қажет. Соққыны қайтаруды, одан соң қармау әдістері мен одан шығуды үйреніп алғаныңыз жөн. Осы арқылы сіздің бойыңызда сенімділік қалыптасады.
Ал сарапшылар өзін-өзі қорғау қабілеті адамның жасы мен жынысына қарамастан әрбір азаматқа қажет екенін айтады. Өмірге қауіп төнген жағдайларда оқиғаны тез бағалап, дұрыс шешім қабылдау маңызды. Мамандар «күш қолданбай-ақ қақтығыстан құтылу мүмкін болса, оны пайдаланған абзал» дейді.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы