Президенттік сынақ: Алматыда VI республикалық чемпионат өз мәресіне жетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Бір аптаға созылған жарыста әр қатысушы спорттың 7 түрінен бақ сынап, чемпионатты қорытындылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттік сынақ бойынша спорт түрлерінен VI республикалық чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда өткен бәсі жоғары додада жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, командалық есепте 2-орынға тұрақтады. Салтанатты шараның жабылу рәсімінде өзге де жеңімпаздар анықталып, үздіктері белгілі болды.

Бір аптаға созылған жарыста әр қатысушы спорттың 7 түрінен бақ сынап, чемпионатты қорытындылады. Шараның соңғы күні сайысқа түсушілердің алған медалі есептеліп, жекелей сында топ жарғандар анықталды. Командалық есепте Қостанай спортшылары жеңіске жетсе, алматылықтар 2-орынға жайғасты. Үздік үштіктен Ақтөбе көрінді.   

«Чемпионат жақсы өтті. Біз БҚО сапында өнер көрсеттік. Балаларымыз жақсы нәтижелер көрсетті. Шәкірттеріміздің өнері көңілімізден шықты. Алдағы жарыстарға дайындалып, жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймыз», – деді жаттықтырушы Асхат Шабаров.

Бүгінде халық арасында кеңінен танылып келе жатқан бұл спортқа қызығушылық жоғары. Осымен алтыншы рет өткізілген чемпионатта 9-дан 70 жасқа дейінгі жандар қатысып, өз өңірлерінің намысын қорғады. Ұйымдастырушылар алдағы ақпан, наурыз айларында қысқы спорт түрлерінен де президенттік сынақ өткізуді жоспарлап отыр. Тестілеуден сүрінбей өткендер арнайы куәліктер мен төсбелгілерге ие болады. 

«Президенттік деңгейге төсбелгі, ұлттық деңгейге төсбелгі және бастапқы деңгейге сертификат беріледі. Күздің соңы болғандықтан аздап суықтау болды. Келесі жылы соны ескере отырып, ертерек өткізуге тырысамыз», – деді Президенттік сынақ және көпсайыс федерациялар одағының вице-президенті Саят Нәдірбек.

Еске сала кетейік, аталмыш чемпионатқа еліміздің 14 өңірінен 200-ге жуық спортшы қатысты.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров