Оңтүстік астанада бірнеше спорт түрінен ауқымды жарыс өтіп жатыр. «Almaty City Games» додасында жас спортшылар 6 бағыт бойынша сайысқа түсіп, бас жүлдеге тартысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда өтіп жатқан ауқымды жарыс қаланың дене шынықтыру мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталып отыр. 12 мен 16 жас аралындағы қатысушылар армрестлинг, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, футбол сынды спорт түрлерінен бақ сынасып, мықтыны анықтайды.
– Қыз бен ұлдар араласып ойнайды. Осы жарыстан ұтыс күтем. Сыйлық қоры бар, – деді «Almaty city games» қатысушысы нұрасыл Серікбай
– Іс-шараның маңызы өте зор. Бұл – жастардың шеберлігін дамытуға қолдау, – деді төреші Азамат Мақысбеков.
Үш апта көлемінде өтетін жарыс болашақ спортшыларды тәрбиелеп, жастарды салауатты өмір салтына баулиды. Ойынның жүлде қоры 2 миллион теңгеден асады.
– Алматыда алғаш рет ауқымды жоба басталды. 1500 қатысушы тіркеліп, түрлі спорттан бағын сынап жатыр. Спорт мәдениетін дамытуға, насихаттауға арналған жобаны сәті түссе дәстүрге айналдырып, жыл сайын өткізуге тырысамыз, – деді «Almaty city games» жобасының жетекшісі Ерлан Адамбеков.
Командалар арасындағы шиеленісті бәсеке 28 қыркүйекте қорытындыланады. Ұйымдастырушылардығ айтуынша, спорт – тек дене шынықтыру ғана емес, рухани күш-қуаттың, жеңіске деген жігердің шыңы.
Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: қатысушылар 7 спорт түрінен сынға түседі