Биылғы «Алматы туры» велододасы өтетін уақыт өзгерді

26.07.2019 15:02

Веложарыс қыркүйек айының соңынан 30-31 тамыз күндеріне ауыстырылды

Фото: vecher.kz

«Алматы туры – 2019» велододасының өткізілетін уақыты қыркүйек айының соңынан 30-31 тамыз күндеріне ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның велоспорт федерациясына сілтеме жасап.

«Алматы туры - 2019» жарысына әр түрлі дәрежедегі 21 халықаралық велосипед командалары қатысады. Олардың арасында Astana Pro Team-да бар.

«Биылғы жылы веложарыс күнтізбеде қыркүйек айының соңынан 30-31 тамыз күндеріне ауыстырылды. Бұл бәсекелестікті арттырып, еліміздің ең ірі қаласының көшелеріндегі кептелісті азайтады», - делінген хабарламада.

Веложарыстың 1-кезеңінің бағыты «Алматы Аренадан» басталып, «Индустриалды парк» арқылы өтіп, қайта «Алматы Аренада» мәресіне жетпек. Бұған дейін осы жол бағыты бойынша Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Және шабандоздардың айтуы бойынша бұл 118 шақырымдық жарыс бағыты оңай емес. Екінші кезең классикалық бағыт бойынша өтеді.

Шығыс айналма автожолымен 4,5 айналым және әл-Фараби даңғылы арқылы өтіп, «Медеу» мұз айдынында жарыс мәресіне жетпек. Бұл күні велодода қатысушылары 160 шықырым жарыс жолын бағындырады.

Кезеңнің тікелей көрсетілімін 60 миллиондық көрермені бар «Еуроспорт» телеарнасы көрсетеді.