Ойыншылары астан уланғаннан кейін «Тобыл» футбол клубының дәрігері жұмыстан қуылды

02.05.2019 21:21

Қос футболшының неден уланғаны әзірге белгісіз

ФОТО: kazfootball.kz

«Тобыл» футбол клубында болған оқыс оқиғадан кейін дәрігер жұмысынан босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, екі күннен бері клубтың қос ойыншысы Сенин Себаи мен Дмитрий Мирошниченко тамақтан уланып, ауруханада жатыр. Олар алғашында жансақтау бөліміне түскен. Бұл ақпаратты кеше Шымкентте «Ордабасымен» өткен ойыннан кейін қостанайлықтардың бас бапкері Владимир Газзаев растады.

Бапкердің айтуынша, Кот-Д-Ивуар азаматы Сенин Себаидың беті бері қараған. Дәрігерлер бүгінде оның денсаулығына еш қауіп жоқ деп отыр. Алайда, 27 жастағы Дмитрий Мирошниченконың жағдайы әлі де ауыр. Ұлттық құрама ойыншысы арнайы медициналық құрылғы арқылы тыныс алуда. Қос футболшының неден уланғаны әзірге белгісіз. Бас бапкер баспасөзге берген сұхбатында клуб дәрігері Александр Кимнің қызметтен босатылытанын мәлімдеді.

«Астана» клубымен ойнағанға дейін біз осындай қиын жағдайға тап болдық. Бас бапкер ретінде айтарым, қателік жіберген дәрігер қызметінен босатылады. Клуб басшысына осы шешімімді айтып, білікті маман табуды сұрадым», – дейді «Тобыл» футбол клубының бас бапкері Владимир ГАЗЗАЕВ.