Медеу мұз айдынында мотожарыстан әлем чемпионатының алғашқы кезеңі үшін өткен сайыста жерлестеріміз жеңіс жолына жете алмады
Жарыстың екінші күні мұз трегіне резервтегі қазақстандық мотошабандоздар Павел Некрасов пен Денис Слепухин шыққанмен қажетті ұпайдан қалыс қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іріктеу айналымдарының бірінде ел намысын қорғаған қазақстандық шабандоз Андрей Шишегов австриялық райдер Чарли Эбнерді басып озып, бірінші болып мәреге жеткенмен, соңғы кезеңдерде әлсіздік танытты. «Мұз гладиаторларының» жарысында жеңіс жолына жақындай алмаған жерлестеріміздің жеңілісін федерация басшылары тәжірибенің аздығынан деп түсіндірді.
Халықаралық мотоцикл федерациясының қолдауымен спидвейден өткен бәсекеге Германия, Швеция, Австрия сынды барылғы бес мемлекеттен 18 спортшы қатысқан еді. Мұз үстіне сағатына жүз шақырым жылдамдықпен жүйткіген екі күндік бәсекеде өзара соғысып, жарақат алу жағдайлары да тіркелді.
«Біздің спортшылардың тәжірибесі өте аз. 13 адамның ішінен командаға мықтыларын алдық. Спидвэй бойынша әлем чемпионатын бесінші рет қабылдадық. Әрине, жарыстарды ұйымдастыруға септігін тигізетін маңызды тәжірибе жинақталды. Сондай-ақ, қазақстандық шабандоздардың прогресін де атап өткім келеді. Біздің команда жарыстарға дайындығын пысықтады және биыл Ресейдің Тольятти қаласында өтетін әлем Чемпионатының командалық есебіне қатысады», – деді Қазақстан автомотоспорт федерациясының президенті Марат ӘБІҚАЕВ.
Спортшылар жарыстың соңғы күнінде ақтық бәсекеге шығу үшін мұз үстінде 20 рет бәсекеге түсті. Барлығы 80 айналымдық жолда жоғары ұпаймен келе жатқан Германия мен Швеция шабандоздары жарыс соңында аударылып қалды. Абырой болғанда жедел жәрдемге жүгінген спортшылар ауыр жарақат алған жоқ. Ал ақтық бәсекеге ресейлік төрт райдер шығып, ақыры Даниил Иванов 38 ұпаймен алматылық финалдың жеңімпазы атанды.
«Әрбір ұпай чемпионаттың іріктеу де, шешуші кезеңінде де маңызды рөл атқарады. Қарсыластарымның бәрі мықты, қуып жетуге, басып осуға тырысады. Бүгін менің жолым болған күн болды. Тау болғандықтан мотоциклдің моторын, күшін реттеуде қиындық тудырды. Алда әлі тағы бірнеше іріктеу ойындары бар», – деді мотожарыстан әлем чемпионаты біріншілігінің жеңімпазы Даниил ИВАНОВ.