Ашық турнир жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына жол ашады
Елордада өтетін спорттық жарысқа еліміздің бірнеше өңірінен семсерлесушілер қатысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Семсерлесуден ашық турнир 23-28 қыркүйек елордадағы «Аспан» спорт кешенінде өтеді. Жарыста Астанадан бөлек, Алматы, Шымкент қалалары және Қарағанды, Жамбыл, Алматы облысы, ШҚО, СҚО және Абай облыстарынан спортшылар бақ сынайды.
- Спорттық бәсекенің бірегейлігін көрсету үшін медальдар, кубоктар мен марапаттар арнайы брендпен әзірленіп, дайындалып жатыр. Жарыс бағдарламасына сапы, рапира және қылыш түрінен ұлдар мен қыздар жарысы кіреді. Жарыс екі санат бойынша өтеді. Біріншісі 2007-2012 жылы туған ұлдар мен қыздардың және екіншісі 2010 жылғы және одан жас ұлдар мен қыздардың бәсекесі болмақ, - деді Астана қаласы әкімдігінің №9 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің басшысы Айдын Тоқбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараның мақсаты – семсерлесу спортын кеңінен насихаттау, оған жаңа спортшыларды тарту және дарынды жас семсерлесушілерді қолдау.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, ашық турнир жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, ширауына жол ашады.
Оқи отырыңыз: Елімізде жалпы білім беретін мектептерге қабылдау ережесі өзгереді