«Халық Барысының» Алтын белбеуі алматылық Дәурен Нұралиновке бұйырды

27.05.2019 22:13

Бас жүлдеге – 9 миллион, 2-орынға – 4.5 миллион, ал, 3-орынға – 2,7 миллион теңге табыс етілді

Алматы қаласындағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде қазақ күресінен екі күн жарыс өткен еді. Белдесуде бақтарын сынауға Қазақстанның барлық аймағынан  бас-аяғы 1 мыңға жуық балуан келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осымен екінші рет ұйымдастырылған турнирдің мақсаты –  ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз «белдесу» түрін қайта жаңғырту. Шара барысында  ұлттық құндылықтар насихатталатын театрландырылған шоу және акробатикалық көрсетілімдер, ат үстіндегі ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктері, семсерлесу ойындары көрсетілді. Төл спортымызды Олимпиада ойындары қатарына енгізу үшін жасалатын шараға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Бұл жағынан бізге жапондар үлгі бола алады, олар өздерінің ұлттық күресін Олимпиада ойындарының  қатарынан көру үшін отыз жыл тынымсыз жұмыс істеген дейді ұйымдастырушылар.

«Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешбір халық рухани жаңғыра алмайды» деп Елбасымыз атап өткендей,  тіліміз бен дінімізді, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді қайта жаңғырту – рухани жаңғырудың басты қағидасы. Олай болса, біз ұлттық спорт түрлерін, қазақтың балуандық  өнерін жан-жақты дамытуды жалғастыра береміз. Қадірлі ұлттық спорт жанкүйерлері, бүгін балуандарымыздың өнерін тамашалап, ұлттық спорттың қайнарынан  сусындап, ерекше көңіл күймен отырғандарыңызға сенімдімін. Ал бүгінгі сайыста белдесіп, бақ сынаушы балуандарға және осы шараны  ұйымдастыруға ат салысқан барша азаматтарға  зор алғыс білдіреміз», – деді Алматы қаласының  әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Белдесуге келген мыңға жуық спортшының ішінен 32 балуан қомақты қаржы мен  «Халық барысы» атағын алу үшін ақтық сында айқасты.  Күш атасын танымайтын балуандық өнерде ауыр салмақтағы жігіттердің әрқайсысы кемінде төрт реттен жасыл кілемге шықты. Финалға жеткендер бір айдан соң Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан барысына қатысады.

Ал кешегі белдесу сынында өзінен 20 келі ауыр салмақтағы қостанайлық Талғат Жиентаевты жеңген Дәурен Нұралинов  бірінші  орын үшін тағайындалған 9 миллион теңге  мен алтын медалді иемденді. Екінші орын алған спортшыға төрт жарым миллион теңге берілсе, үшінші орын үшін 2 миллион 700 мың теңге жамбылдық балуан Ғалымжан Қырықбаевқа бұйырды. Жүлде алған балуандардың жаттықтырушыларына да қомақты ақшалай сыйлық  табысталды.  

«Кеше  үш белдесу, бүгін төрт белдесу өткізіп, жеңімпаз атанып отырмын. Негізі іштей өзімнің бұл сайыста Руслан Әбдіразақов, Талғат Жиентаев, Ғалымжан Қырықбай деген мықты балуандардың болатынын және олармен кездесетінімді, оларды жеңетінімді сездім.  Жеңісімнің бір құпиясы – іштен қағу тәсілін қолдандым. Ол тәсілді қол мен аяқ қатар жұмыс істеуі керек», деді «Халық  барысы» турнирінің  жеңімпазы Дәурен Нұралинов.