Бұл туралы қалалық спорт басқармасының басшысы мәлімдеді
Алматыда бюджеттік қаражаттың есебінен 7 ірі спорт нысаны салынып жатыр. Бұл туралы қалалық спорт басқармасының басшысы мәлімдеді. Ол биыл жабық спорт ғимараттарының еселеп көбейгенін тілге тиек етті. Бір ғана «Бюджетке қатысу» бойынша 267 ұсыныс мақұлданып, жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 107 жоба пайдалануға берілді. Наурызбай ауданының өзінде шамамен 30 бастама іске асты. Оның ішінде спорт және балалар алаңы 100 пайыз дайын, деп хабарлайды Almaty.tv
Наурызбай ауданының тұрғыны Сәлима Батырова – немере сүйген әже. Ақшамда жаңадан салынған алаңға серуен құрып, балаларын ойнатады.
«Баланың спортпен айналысқаны жақсы. Ертең денесі шынығады. Үлкен азамат болса, қаламыздың, облысымыздың атын шығарады», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Сәлима Батырова.
Балаларға арналған орынмен қатар, бұл аумаққа спорт алаңы да салынған. Мұнда дене шынықтыру жабдықтары, сондай-ақ скейт жолдары бар. Жас буынның айтуынша, бұл жер кешкі серуен құратын көпшіліктің сүйікті орнына айналған.
«Енді футбол алаңы салынады екен. Оған қатты қуаныштымыз. Өзіміз, әсіресе ұлдар да көп ойнайды, қыздар да футболға қызығады. Сол үшін өте қуаныштымыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Жасмин Мақамбаева.
«Мұнда кешкі уақытта көп бала келеді. Себебі бұл жерге серуен құратын керемет алаң салған. Сондай-ақ, футбол, баскетбол алаңы ашылатынын естіп, қуанып қалдық», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Әлима Айманәлиева.
Наурызбай ауданында «Бюджетке қатысу» жобасымен көркейту қызу жүріп жатыр. Жаңа алаңдармен қоса, жөндеуді қажет ететін саябақтар, тас жолдар мен арық тоғанын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
«Бүгінгі таңда, өздеріңіз көргендей, спорт және балаларға арналған ойын алаңдары, 8 жоба 100 пайыз аяқталды. Одан бөлек, осы бағдарлама аясында аудан аумағында футбол және баскетбол алаңдарының құрылысы жүруде», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Оңалбек Қыдырбаев.
Тұрғындардың сөзінше бұл жерді бұрын соңды шаңы бетіне шығып, қурай басып жататын. Алайда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша тұрғындардың өтнімі қабылданып, қазіргі таңда бұл жерге спорт алаңы салынды.
Сондай-ақ, бұл ауданға футбол алаңы да салынбақ.«Жаңа айдан жақсылық» демекші, қазаннан бастап бұл жер қолданысқа беріледі.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы