Спортшылар Парижде өтетін олимпиадада 25 спорт түрінен бақ сынайды
Қазақстан Парижде өтетін олимпиадада 25 спорт түрінен бақ сынайды. Ел намысын 80 спортшы қорғамақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеге біздің қаракөздердің дайындығы қалай? Спорт сарапшысы Аслан Қаженов бұл таралы толығырақ тайтып берді.
- Барлық спортшыдан үміт күтеміз. Ешкімді бөліп-жарғымыз келмейді. Десе де, Қазақстан спортшылары, қазақ қыз-жігіттері жеңіс тұғырына көбірек көтерілсе деймін. Әсіресе алтын алса деген үмітім бар. Оның ішінде бокстан Токиода кеткен есеміз бар. 7 боксшы жігітіміз бар. Жалпы, қыз-жігіттерді қосқанда, 10 боксшы бар. Кемі екі алтын алса деген үміт бар. Іштей соған тілектеспін.
Еркін және грек-рим күресінен 8 лицензиямыз бар. Жігіттердің мүмкіндігі көп. Өйткені Ресей спортшылары саяси жағдайларға байланысты олимпиадаға бармайтын болды. Бұл спорт түрінен көрші елдің спортшылары фаворит еді. Сәйкесінше енді қазақстандық жігіттерге жол ашылды десе болады. Яғни, аздап жеңілдеу болады.
Келесісі - дзюдо спорты. Елдос Сметов пен Абиба Абужақынова - негізгі үмітіміз. Қос спортшы да мықты. Рейтінгтегі көрсеткіші және мүмкіндіктері бар. Одан кейін Қазақстан азаматтығын алған, жалпы олимпиадаға қатысатын спортшыларды саралап қарасақ. Нора Жируто жеңіл атлетикадан алтынға үміткер саналады. Және теннисте Елена Рыбакина міндетті түрде үштікке кіреді. Ол осы жолы алтын алу керек. Және сенсациялық жеңістер болуы мүмкін.
Семсерлесу деген спорт түрі бар. Командалық бағытта 4 қазақ жігіті өнер көрсетеді. Олимпиадаға жолдама алған әлемдегі 8 команданың біреуі болып тұр. Құзға өрмелеу спорты да бар. Сондай-ақ брейкинг, кәдімгі биден де спортшылар қатысады. Биді қазір спорт түріне айналдырды. Осы қос бағытта да күтпеген нәтиже болуы мүмкін. Спортшыларымыздың әлемдік көрсеткіші өте жақсы, - деді спорт сарапшысы Аслан Қаженов.
"Олимпиадаға Қазақстанның дайындығы қандай? Өткен төртжылдықпен салыстырғанда деңгей өсті деп ойлайсыз ба?" деген сауалдарға сарапшы жауап берді.
– Токиодағы байрақты бәсеке біз үшін сәтсіз болды. Білесіздер, алтын медаль жоқ. Тек 8 қоламен оралдық. Президенттің өзі "масқара нәтиже" дегендей бағасын берді. Және сол кезде тапсырма берілді. Осы 4 жылдың ішінде үлкен реформалар жасап, спортымызды дамыту керек. Содан бері біраз шара атқарылып жатыр. Оның ішінде заңға өзгерістер енгізілді. Жаттығу жиындарында үлкен өзгерістер бар. Жоғары деңгейлі спорттарға қатты көңіл бөлініп жатыр. Қаржы жағынан да таршылық көрген жоқ. Нәтижесін көреміз. Әрине, Токиомен салыстырғанда өзгеріс бар. Алтынға үмітті спортшыларымыздың қатары артты. Және сол үміт ақталуы керек. Білесіздер, спортқа жауапты министрлер 4 жылда 4 рет ауысты. Әр адам бір жаңа жобамен, идеямен келеді. Соның сабақтастығы қолға алынып жатыр. Яғни, басталған жұмыс аяқсыз қалмауы керек. Қанша шенеуніктер ауысса да спорт саласында жүйе өзгермеуі керек, алға қарай дамуы керек. Бір орында тұрып қалмауы керек деген сияқты мақсаттар қойылды. Алға ілгерілеу бар. Өзім байқап жүрмін. Спорт деген сондай сала, бастапқыда бірден нәтижесін бермейді. Кемі 4 жыл күту керек. Алдағы Париж олимпиадасынан бастап сол жұмыстардың жемісін көре бастаймыз деген үміттеміз. Тіпті сондай сенім де бар, - деді ол.
Оқи отырыңыз: Этнолагерь және спорттық ойындар: алматылық оқушылар жазда қалай демалады