Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай елге оралды

12.08.2024 в 21:35

Отандасымызды Астана әуежайынан жақындары мен достары, жанкүйерлері күтіп алды

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

80 келі салмақта өнер көрсеткен отандасымызды Астана әуежайынан ет жақындары мен достары, жанкүйерлері күтіп алды. Елімізден дүбірлі додаға қатысқан 7 боксшының ішінен Нұрбек Оралбай жеңіс тұғырынан көріне алды. Финалда Украиналық боксшы Александр Хижнякқа есе жіберген спортшымыз жуырда алдағы жарыстарға дайындықты бастамақшы.

«Бірінші Олимпиада болғандықтан оңай болған жоқ. Додаға ешкім ұтыламын деп бармайды, барын салады. Алланың қалауымен екінші орын бұйырып тұр екен, оған да шүкір. Бірақ мен Олимпиада ойындарына алтын үшін барған едім. Бұл жолы бұйырмаса, келесі ойында бұйырады деп ойлаймын», - деді Париж Олимпиадасының қүміс жүлдегері Нұрбек Оралбай.

Нұрбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев финалда екі спортшының да тең түскенін айтады. Тек украиналық боксшының физикалық дайындығы мықты болғанын мойындап отыр. Тәлімгерінің жақсы төбелескеніне күмән келтірмеген жаттықтырушы бұл жарыстан сабақ алып қайтқанын айтты.

«Қай спортшының қолын көтерсе де ренжімеу керек. Өте тең дәрежеде өткен жекпе-жек болды. Осындай додалар бізді пісіреді, шыңдайды. Сондықтан үлкен тәжірибе алып келе жатырмыз», - деді Н.Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев.