Биылғы Әлем біріншілігінің алғашқы іріктеуіне барлығы 7 елден 18 спортшы қатысты
Алайда, Қазақстан намысын қорғаған үш мотошабандоз да бұл жолы жеңіс тұғырына көтеріле алмады. «Медеу» мұз айдынында өткен айтулы аламанның екі күнінде де ресейлік Даниил Иванов бірінші орынды иеленді,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін командалық жүйеде өтіп келген Әлем чемпионаты биыл алғаш рет жеке сында өтті.
Өткен демалыста Алматы мақтанышы «Медеу» мұз айдыны ең мықты спортшыларды қабылдады. Спидвейден әлем біріншілігінің алғашқы кезеңі дәл осы Алатау баурайында өтті. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов, мұндай үлкен доданы өткізу Алматы үшін үлкен мәртебе екендігін жеткізді.
«Мотоциклдердің мұздағы жарысын шаһарымызда өткізу дәстүрге айналды десек болады. Әлем бойынша, бұл спорт түрі тек 8 елде ғана өткізіледі. Соның ішінде Қазақстан да бар. Сондықтан болар Алматыны Орталық Азияның спорт орталығы деп атайды. Спидвей – бұл әрі қауіпті, әрі тартысқа толы спорт түрі. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді қалалық Спорт басқармасының басшысы Рүстем БАЙСЕЙІТОВ.
Мұнда барлық мотоциклдердің соңғы дайындықтықтарын пысықтап жатыр. Бірер минуттан кейін жарыс алаңына шығады. Яғни, «Медеу» мұз айдынында нағыз шабандоздардың шайқасы болады. Себебі, біле-білсеңіздер бұлардың ешқайсысында тежегіш жоқ. Сонымен қатар, орташа жылдамдығы сағатына 100 шақырымды құрайды.
Биылғы Әлем біріншілігінің алғашқы іріктеуіне барлығы 7 елден 18 спортшы қатысты. Олардың қатарында, бірнеше дүркін чемпиондар да бар. Ал, Қазақстан намысын Сергей Серов, Владимир Чеблоков пен Павел Некрасовтар қорғады. Бірінші кезеңнің алғашқы күнінде біздің мотошабандоздарға сәттілік серік болмады. Ешқайсысы үздік ондыққа кіре алмады. Ал, оларды қолдап келген жанкүйерлер көп болды. Тіпті, шет елдік спорт сүйер қауым да өз отандастарын қолдау үшін Алматыға арнайы ат басын бұрған.
«Көңіл-күйім жақсы. Мұндай шараларға көп келе бермеймін. ал, мотоспортқа бірінші рет келіп тұрмын. Қазақстандық спортшылар бүгін біреу ғана шықты. Кішкене әлсіздеу көрсетіп жатыр», – деді бір көрермен.
Дүбірлі додада ресейлік Даниил Ивановқа тең келер ешкім болмады. Үш дүркін әлем чемпионы жарыстың екі күнінде де алдына жан салмады. Осылайша алғашқы кезеңнің ең жоғарғы ұпайын қанжығасына байлады. Ал, қазақстандық үш спортшы да соңғы үш орынға тұрақтады.
«Бұл чемпионаттың бірінші кезеңі болғандықтан, қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Әрине, маған да оңай болған жоқ. Шабандоздар жыл өткен сайын шыңдалып, жақсарып келеді. Сондықтан бізге де әр жарысқа тыңғылықты дайындалу қажет», – деді спидвейден әлем чемпионаты алғашқы кезеңінің жеңімпазы Даниил ИВАНОВ.
Мұздағы мото жарыстың екінші финалы Тольятти қаласында, ал үшіншісі Ресейдің Шадринск шаһарында өтеді. Келесі финалдық додалар Германия мен Голландия елдерінде ұйымдастырылады.
Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы