Астанада Tartyl Fest спорттық турнирі өтті

20.02.2023 21:38

Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берілді

Almaty.tv

Елімізде турникке тартылудан дәстүрге айналған Tartyl Fest турнирі өтті. Әр өңірдің намысын ту етіп келген 170-тен астам жігіт белін бекем буып, күштерін сынады. Түрлі салмақ дәрежесі бойынша кіл жүйріктің ішінен суырылып шыққан жеңімпаздар жалпы 54 млн теңгені қанжығаларына байлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпшілік алдында белтемірге тартылу оңай көрінгенімен, ол да асқан дайындықты талап етеді. Мұнда уақыт пен шыдамдылық аса маңызды. Турнирге қатысуға спортшылар әр өңірден жиналды.

«Осыдан бірнеше ай бұрын сайыс 20 қалада өтті. Ауыл-аймақтан келген барлық қатысушы өзінің бағын сынап финалға 180 адам іріктелді. 9 салмақ бойынша категориялар бар. Бұл – біздегі ең қолжетімді спорт түрі», – деді Tartyl Fest турнирінің ұйымдастырушысы Дияс Төлепбергенов.

Dara дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған додаға 11 мен 51 жас аралығында спортшылар қатысты. 170 қазақстандық түрлі жас және салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Кіл жүйріктің ішінен Евгений Нам үздік танылды. Ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 30 жастан асқан атлеттер арасында тамаша өнер көрсетіп, турнир рекордын жаңартты. Тараздық спортшы белтемірге 52 рет тартылды.

«Спортпен айналысып жатқаныма 7-8 жыл болды. Келісім-шартпен жұмыс істеймін. Сол жерде жиі жүгіріп, белтемірге тартылып, жиі жарыстарға қатысамыз. Соның ішінде белтемірге тартылумен айналысамын», – деді Tartyl Fest турнирінің жеңімпазы Евгений Нам.

Әр салмақ дәрежесі бойынша топ жарған жеңімпаздарға 3 млн теңгеден сыйақы берілді. Ал Айдос Сүйіндік, Нұрхат Тілеулиев, Радмир Темірболат екінші орынды қанағат тұтып, олардың әрқайсысына 2 млн теңгеден табысталды.  

Айта кетсек, сайыста чемпион атанғандар енді Street Workou бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түседі.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, « Алматы» телеарнасы.