Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Батыр әніне Қапшағай мұз айдынында видео түсірді

01.02.2023 21:57

«Қыс ертегісі» деп аталатын бейнебаянға музыкалық сүйемелдеу ретінде спортшы «Отан ана» әнін таңдады

pankratova__k/instagram

Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы мәнерлеп сырғанаушысы, қазір бапкері Ксения Панкратова өзінің Instagram желісіндегі жазылушыларын далада мәнерлеп сырғанаған кезекті видеосымен қуантты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Үлкен Алматы көлінде мәнерлеп сырғанаумен танылған алматылық мәнерлеп сырғанаушы Ксения Панкратова тағы да Қапшағай су қоймасының қарлы мұзында өнер көрсетті.

«Қыс ертегісі» деп аталатын бейнебаянға музыкалық сүйемелдеу ретінде спортшы Батыр Шүкеновтың «Отан ана» әнін таңдады.

Еске салайық, осыдан екі жыл бұрын Ксения Панкратова мұз қатқан Қапшағай су қоймасында қызыл көйлекпен сырғанап, желі қолданушыларының көзайымы болған еді.

Сондай-ақ спортшы Солтүстік Қазақстан табиғатының сұлулығын көрсеткен болатын. Ол Павлодар облысының оңтүстігіндегі Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан Жасыбай көлінде сырғанап, өнерімен көпшілікті тәнтті етті.

Айта кету керек, 2018 жылы желтоқсанда спортшы, бапкер Ксения Панкратова Үлкен Алматы көлінде мәнерлеп сырғанап, ол көпшіліктің көңілінен шыққан еді.