Париж төрінде өткен 33-жазғы Олимпиада ойындарында ел қоржынын қола медальмен толықтырған боксшы Назым Қызайбай бүгін Алматыға келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар жұртшылығы спортшыны әуежайдан күтіп алып, ерекше құрмет көрсетті. Боксшының жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Еске салайық, ел абыройын асқақтатқан спортшылардың легі кезек-кезек елге оралып жатыр. Олардың қатарында грек-рим күресінен күміс медалді қанжыға байлаған спортшы Демеу Жадыраев та бар.
Төртжылдықтың басты бәсекесінде қоланы еншілеген Назым Қызайбай биыл алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Ол бокстан әйелдер арасында 50 келі салмақта жұдырықтасып, жартылай финалға дейін жетті. Ақтық сында қытайлық боксшы Ю Вумен шаршы алаңға шығып, есе жіберсе де, сағы сынбады. Керісінше, жеңіске деген құштарлығы одан сайын артты.
«Тек қазақстандықтар ғана емес, Италиядағы жанкүйер, Атыраудан "Динамо" ұжымы, барлығы қолдау көрсетті, көп алғыс білдіремін. Медальдің артында қаншама еңбек жатыр», - дейді Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай.
«4 кездесу өткізіп, төртіншісінде ұпай санымен ұтылып қалды. Меніңше Назым спортқа нүкте қойған жоқ. Алға қойған жоспар көп, келесі Олимпиадада бәлкім алтын медаль аламыз», - деді Н. Қызайбайдың жаттықтырушысы Толқынжан Кәмеков.
Ал грек-рим күресінен күміс медаль иеленген балуан Демеу Жадыраевты қолдап, қарсы алуға келгендердің де қарасы қалың болды. Боз кілемде біршама қарсыласынан басым түсіп, тек финалда жапондық Нао Кусакадан жеңілген ол Олимпиада ойындарында күмісті қанжылаған үшінші қазақстандық балуан атанды.
«Ұтылып қалған соң адам өкіне береді. Бірақ бәрі Алланың қалауымен болды. Бұған да шүкір, қанағат. Көп рахмет!», - деді Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев.
«Баламыз орын алып, қуанып жатырмыз. Қазағымыздың туы көкке көтеріліп жүре берсін. Өте қуаныштымын. Бәріне рахметімді айтамын», - деді Д. Жадыраевтың анасы Күлипа Бижанова.
Осымен әлем көз тіккен Париж олимпиадасы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы дүбірлі доданы 7 медальмен қорытындылады. Еліміз кестеде 43 орынға тұрақтаса, 126 медальмен АҚШ алға шығып, көш бастады. Екінші орынға 91 медальмен Қытай жайғасса, үздік үштікті Жапония 45 медальмен тәмамдады.
Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!