NFC лигасы 2021 жылдың үздіктерін анықтап, өткен жылды қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі спортшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бас қосқан кеште үміткерлер негізгі 12 номинация бойынша сынға түсті. Олардың арасынан «Алматы» телеарнасының тілшісі Мерей Қанапияновтың мерейі үстем болып, «Найзаның» үздік журналисі атанды.
Белгілі жекпе-жек шебері Эльдар Құдайбергенов жылдың үздік спортшысы атанса, қырғызстандық Айжігіт Еркебайұлы жыл нокаутері болды. Ал жыл сабмишні атанған, яғни ауырту әдісімен Ержан Естанов көзге түсті. Одан бөлек, үздік төреші номинациясы Ақтілеу Әскербайұлына бұйырса, жыл бапкері Айбек Шоқпытов болды.
Салтанатты шарада аралас жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы Ардақ Назаров пен UFC-де жартылай орта салмақтағы ТОП-15 спортшының қатарына кіретін Шавкат Рахмонов арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
«Бұл кеш Қазақстанның аралас жекпе-жек тарихында алғаш рет өтіп жатыр. Мұндай деңгейдегі шара осы уақытқа дейін бірде-бір рет өтпеді. Бұл дегеніміз NFC лигасының елімізден бөлек, Орта Азияда қарыштап дамып келе жатқанын көрсетеді», - деді комментатор Арман Әбдірахманов.