Алматыда MMA аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті

08.04.2019 22:29

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Қазақстанның командасы жеңіп алды

Алматыда кадеттер арасында Түрксіб ауданы әкімінің кубогына арналған MMA бойынша Халықаралық турнир өтті. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған жарысқа Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның командалары қатысты деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай турнирлер жас спортшылардың шыңдалып, тәжірибе алмасуы үшін үлкен мүмкіндік дейді Қазақстанның MMA аралас жекпе-жек бірлескен федерациясының бас директоры Валихан Тен.

«Кадеттердің бүгінгі көрсетіп жатқан өнері мұндай жастағы балалар үшін үлкен шеберлік деуге болады. Мұндай турнирлер спортшылардың жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік береді. Ал, осынау жарыс алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін», - дейді Валихан ТЕН.

Аралас жауынгерлік өнер спортынан өткен халықаралық жарыс тартысқа толы болды. Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Қазақстанның командасы жеңіп алса, 2-орын Тәжікстан, 3-орын Өзбекстанға бұйырды. Жеңімпаздар естелік кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Жарысқа қатысуға 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді таңдап алдық. Өйткені, әуесқойларды дұрыстап тәрбиелей алсақ біз кәсіби деңгейге тез жетеміз, сондықтан әуесқойларды таңдап отырмыз. Жарыс жоғары деңгейде өтті», - дейді «Сарбаз» әскери-патриоттық клубының директоры Құрмет НҮКЕНОВ.