Ертең Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарына аттанады

Фото: Global Look Press
Фото: Global Look Press
Бүгін спортшылар Олимпиада алдындағы соңғы күнін пысықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ертең Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын саңлақтарымыз Қытайға аттанады. Төрткүл дүние асыға күткен төрт жылдықтың басты додасында барлығы 109 медаль жиынтығы сарапқа салынып, оған 34 спортшы таласады. Әзірге спортшыларымыз жаһандық дода алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын аяқтап, байрақты додаға қамданып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Бүгін спортшылар Олимпиада алдындағы соңғы күнін пысықтады. Қазақстандық атлеттер Халықаралық олимпиада комитетінің талабына сай жабық карантин аймақтарында жаттығып жатыр. Құраманың негізгі бөлігі Алматы мен ел астанасында орналасқан.

«Біздің құрама қазіргі таңда өзінің соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын жасап жатыр. Қазақи атпен жазылған форманы киген спортшыларымызды қолдауға шақырамыз. Біздің спортшыларымыз қолынан келгенше жетістіктер көрсетеді деп сенеміз», - деді ҚР ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Ал тауда жаттығатындар Алматыда дайындалуда. Жаһандық додаға қала атынан 8 спортшы барады. Олардың арасында осымен 3-ші олимпиадасында бақ сынайтын және халықаралық бәсекелерде олжа салып жүрген фристайлшымыз Жанбота Алдабергенова да бар. 

«Құрметті жанкүйерлер, міне, біздің қолымызда жолдама тұр. 1-2 күннен кейін біз олимпиадаға жол тартпақпыз. Сондықтан сіздерден қолдау сұраймын және жақсы көңіл-күй тілеймін», - деді спортшы Жанбота Алдабергенова.

Құрама жаттықтырушылары қазақстандықтарды ел спортшыларын қолдауға шақырды.

«Менің оқушыларым – Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаева. Ол екеуі қазіргі таңда олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Дайындық ойдағыдай. Бәрі жақсы өтіп жатыр. Құрметті қазақстандықтар, біздің спортшыларға жанкүйер болыңыздар», - деді фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жібек Арапбаева.

Айта кетейік, 4 ақпанда басталатын Қысқы олимпиада ойындарына ел атынан спорттың 8 түрінен 34 атлет қатысады. Жолдама саны – 87. Көк байрағымызды Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова көтеріп шығады.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров