Ташкентке әлемнің 104 елінен 600-ге жуық спортшы жиналды
Бокстан Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатын отандық спортшыларымыз жеңіспен бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ел абыройын еселеу үшін еңбектенген ерлер бірінші жарыс күнінде 2 салмақ бойынша сайысқа түсті. 60 келі салмаққа дейін өнер көрсеткен Талғат Сырымбетов тайландтық Сакда Руамтамомнан басым түссе, 92 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Айбек Оралбай болгариялық Радослав Панталеевті ойсырата жеңді.
«Жарыс өте жақсы өтті. Бәрі ойдағыдай. Алғашқы жарыс, дегенмен жаттықтырушылар айтқан ережені орындап шықтым», – деді ұлттық құрама мүшесі Талғат Сырымбетов.
«Үш раунд бокстастым. Жанкүйер болыңыздар. Алла қаласа, Ташкент жерінен алтынмен ораламыз!» – деді ұлттық құрама мүшесі Айбек Оралбай.
Ала шапанды ағайынның елордасына әлемнің 104 елінен 600-ге жуық спортшы жиналды. Әлемдік дода 1-14 мамыр аралығында жалғасады. Былғары қолғап шеберлері 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады. Жарыстың бас жүлдегеріне 200 мың доллар, күміс медаль иегеріне 100 мың доллар, ал үшінші орынға 50 мың доллар тағайындалған.
«Барлық ел тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Бізге керегі қаржы емес, ел абыройы маңызды. Сол себепті күшімізді саламыз», – деді Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.