Оның шәкірттері Қазақстан және әлем біріншіліктерінде жүлде алған
Нұр-Сұлтандық жас жаттықтырушы жетім және тұрмысы төмен отбасының балаларын жарыстарға дайындап жүр. Грэпплингтен Қазақстан чемпионы болған жаттықтырушы Әмір Оразалиннің шәкірттері бүгінде Азия мен әлемді мойындатып үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шағын ғана күрес залын өз ақшасына жалдаған Әмір Оразалин отыздан енді асқан жігіт. Ол айналысатын грэпплинг спорты – күрестің бір түрі, тек әдіс-тәсілдерінде біраз жаңашылдық пен өзгешеліктер бар. Әмір бұл спорт түрінен Қазақстан чемпионы атанып, жаттықтырушы болуға рұқсат алыпты. 7 жылдың еңбек өтілінде жас бапкер ондаған спорт шеберін дайындап шығарған. Ендігі мақсаты – қазақстандықтарды осы спорт түрінен әлемге таныту.
«Арманым – шәкірттерімнің жоғарғы лигаға өтуі. UFC, ADCC – бұлар әлемдік ірі турнирлер. Соңғы атағаным грэпплингпен айналысатындар үшін Олимпиада ойындарымен пара-пар. Меніңше, бұл біздің қолымыздан келетін іс. Арман бар. Соған ақырындап басып келеміз», - дейді грэпплинг жаттықтырушысы Әмір ОРАЗАЛИН.
Қазіргі таңда ол 80-ге жуық бала тәрбиелеп жатыр. Олардың 60 пайызы тұрмысы төмен отбасынан шыққан, тіпті арасында қараусыз қалған балалар да бар. Дала кезіп жүргенше, грэпплинг оларды өмірге бейімдеп, шынықтырсын дейді жас жаттықтырушы. Сондықтан, олар үшін жаттығу залы – тегін. Араларында тіпті Қазақстанды мойындатып, Әлем чемпионатынан жүлде алғандар да бар.
«Әлемдік чемпионат финалында шведпен күрестім. Текетірес жақсы болды. Тең белдескен едік, бірақ соңында төрешілер соның қолын көтерді. Көбі сол жарыстан кейін маған ризашылықтарын білдірді», – дейді грэпплингтен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Ерназ МҰСАҰЛЫ.