Алматыда ересектер арасында Грек-рим және еркін күрестен ел чемпионаты өтті. Додаға еліміздің 17 өңірінен 600-ге жуық спортшы келген. 7 күнге созылған тартысты сайыста кімдер жеңімпаз атанды? Бәсекенің финалдық белдесулерін бақылап қайтқан Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндасын.
Ел чемпионатында топ жарған спортшылар алдағы желтоқсан айында Сербияда өтетін Әлем кубогіне қатыспақ. Балуандарымыз сол жерде олимпиада жолдамаларын сарапқа салатын болады.
Жарыс бағдарламасы бойынша ерлер және әйелдер 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. 19 жастағы Жамбыл облысының спортшысы – Сұлтан 63 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді.
«Белдесу өте жақсы болды. Қарсыласымыз екеуміздің әдістеріміз бірдей. Соны қайталадым. Қарсыласым да өте мықты. Енді алда салмағымды өсіріп, әлі талай олимпиада шыңдарын бағындырамын деген үміттемін», – деді Грек-рим күресінен республика чемпионы Сұлтан Әсетұлы.
Балуандар ақпан айынан бері бозкілемге шықпаған. Карантин уақытында жаттығу жағынан айтарлықтай қиындықтарға тап болдық, дейді спортшылар. Сондықтан да ел чемпионаты аяқталған бойда дайындықтарын қайта пысықтауға кіріспек.
«Жоспар бойынша чемпионат аяқталған соң Ақ бұлақта оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Біздің құрамаға әлі 4 лицензия жетіспейді. Олимпиадаға толық құраммен бару үшін осы лицензияларды алу үшін барымызды саламыз», – деді Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов.
Спортшылар жарысқа пандемияға байланысты ПТР-тесттінің теріс нәтижесі туралы анықтамасын көрсету арқылы қатысқан.
«Келесі жылдың ақпан айында Азия чемпионаты Алматы қаласында өтеді. Наурыз айында Қытайдың Сянь қаласында өтеді. Ең ақырғы жарыс Болгарияның София қаласында өтеді», – деді Азия күресі кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов.
Әзірге ұлттық құрама грек-рим күресінен олимпиада ойындарына 60 және 77 келіде 6 салмақ категориясы бойынша 2 лицензия алып үлгерген. Ал қалған жолдамаларды жазғы ойындар басталғанға дейін алу мақсаты тұр.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы