2021 жылғы 21 желтоқсанда Almaty Arena мұз айдынында Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасының салтанатты ашылуына орай баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Спартакиадасы – еліміз үшін шын мәнінде тарихи оқиға. Алматыда 8-27 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасы өтіп жатыр. Бұл іс-шара 4 жылда бір рет өткізіледі. Биыл Алматы құрамасының атынан спорттың 14 түрі бойынша 215 спортшы мен 38 жаттықтырушы қатысады. Командалар спорттық керек-жарақтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Баспасөз конференциясына қатысушылар: Қанағатов Елсияр Баймұхамедұлы - ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры; Байсеитов Рүстем Сәлімұлы - Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы; Клименко Валерий - спорт шебері, "Азия балалары" жарыстарының жеңімпазы, ҚР чемпионаттары мен ҚР кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы; Мухамадеев Анвар-ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2021 әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі.
Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық командаларды жинақтау, халықаралық жарыстарға даярлау, оның қатарында Қысқы Олимпиада ойындары да бар. Спартакиада бағдарламасына спорттың 14 түрі енді.
Қазіргі уақытта жарысқа 16 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың атынан 1300-ге жуық адамнан құралған құрама командалар қатысуда. Кешенді спартакиада 14 спорт түрінен үздік атағына таласатын еліміздің ең мықты спортшыларын жинады: биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей (ерлер), шайбалы хоккей (әйелдер), тау шаңғысы спорты, аралас шаңғы, шаңғымен секіру, сноуборд, фристайл-могул, фристайл акробатика.
ҚР V қысқы спартакиадасының салтанатты ашылуы Almaty Arena спорт кешенінде баспасөз конференциясынан кейін бірден өтті. Іс-шараны Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов пен ҚР Мәдениет және спорт вице - министрі Серік Жарасбаев, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры - Қанағатов Елсияр Баймұхамедұлы ашты.
Ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев құттықтау сөз сөйлеп, ашылу салтанатының жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, Спартакиада төрт жылда бір рет өтеді. Бұл төртжылдықтың басты жарысы - Олимпиада ойындарының алдында қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаға іріктеу болады. Спартакиаданы алғаш рет бір қалада, бір жерде өткізуге мүмкіндігіміз бар екені қуантады. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді», - деді Серік Жарасбаев.
Спорт басқармасының басшысы Спартакиаданың барлық қатысушысы мен ұйымдастырушыларын құттықтап, қаланың барлық спорт мектебінің жұмысын және спорттық іс-шараның өткізілу деңгейін атап өтті.
«Алматыда кез келген жоғары деңгейдегі халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін ең заманауи спорттық инфрақұрылым қалыптастырылып, пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасының V қысқы спартакиадасын өткізуге арналған Алматы арена осындай табысты нысандардың бірі болды», – деді Алматы қаласы спорт басқармасының Рүстем Байсейітов басшысы.
Айта кетейік, ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімдігінің барлық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты. Біздің спортшылар алдына өңірлердің атауы жазылған тақтайшаларды алып жүрді. Барлық қатысушы біздің мектептерімізден шыққан өз саласының үздіктері.