Алматыда «Астана» мен «Парма» арасындағы матч тартысты өтті

14.04.2022 23:12

Елордалық клуб Бірыңғай ВТБ лигасының турнир кестесінде 10 орынға тұрақтады

Almaty.tv


Астана баскетболшылары Алматыда өткен матчта тағы да ұтылып қалды. Елордалық клуб Бірыңғай ВТБ лигасы аясында бұл жолы Пермьдік  «Парма» командасына қарсы ойнап, есе жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

«Астана» мен «Парма» арасындағы матч өте тартысты өтті. Қонақтар жерлестеріміздің қателігін сәтті пайдаланып, жылдам әрі комбинациялық шабуылға шығып отырды. Осылайша қос клуб арасындағы есеп әр минут сайын өзгеріп, қарсыластар ұпай саны бойынша алға шықты. Қорытынды есеп 65:82. Бұл матчта «Астана» сапынан Антонио Кэмпбэлл мен Марк Тихоненко және Олег Балашов белсенділіктерімен көзге түсті. Ойын соңында алматылық жанкүйерлерге алғысын білдірді.

«Мұндағы атмосфера өте керемет. Ерекше әсер алдық. Алматылықтарға баскетбол мерекесін сыйлағанымызға еш өкінбейміз. Бұл қалада осы спортты жан-тәнімен қалайтындар тұрады. Өзім де Алматыда өскендіктен өте ыстық», – деді «Астана» баскетбол клубының бас директоры Валерий Тихоненко.

Айта кетейік, «Астана» клубының Алматыда өткен матчтары осымен тәмәм. Олар 4 ойын өткізіп, төртеуінде де сәтсіз өнер көрсетті. Елордалық клуб Бірыңғай ВТБ лигасының турнир кестесінде 12 команданың арасынан 10 орынға тұрақтады.

Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы