Алматыда 2 мыңнан астам адамның қатысуымен велошеру өтті

Алматыда 2 мыңнан астам адамның қатысуымен велошеру өтті
Велошеруге қатысушылар Абай даңғылынан бастап, Желтоқсан, Гоголь көшелері арқылы Орталық саябаққа дейін барды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кезекті веломаусым ашылды. 2000-нан астам қала тұрғыны көліктерін қаңтарып, велосипедке отырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты велошеруге қатысушылар Абай даңғылынан бастап, Желтоқсан, Гоголь көшелері арқылы Орталық саябаққа дейін жүріп өтті.

Шеруге қатысушылардың қатарында Жақыповтар отбасы да бар. Таң атқаннан тоқтамай тас жолда жүйткіген жұбайлар маусымның ашылуын асыға күттік дейді.

«Жолдастарымыз бен балаларымызды алып, осы жексенбінің таңын велошерумен қарсы алдық. Мұндағы басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау және жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету», - деді Динара ЖАҚЫПОВА.

Көлік кептелісінен мезі болған қала тұрғындары күн жылығаннан бастап велосипедке отыруға асығады. Әйтсе де, қалада көліктің көптігі алаңсыз жүйткуге мүмкіндік бермейді дейді олар. Ал осындай ынталы тұрғындар үшін «Спорттық Алматы" жобасы қолайлы болып тұр.  

«Тұрғындардың шеруді сағынып қалғаны көрініп тұр. Веложарысты дәстүрлі түрде өткіземіз. Күзге дейін көптеген қызықты жоспарлар жасалған. Соның ішінде тау велоспорты да бар. Халықаралық жарыстарды да ұйымдастырамыз», - дейді  Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем БАЙСЕЙІТОВ.

Шараның мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын сақтауға шақыру, әрі  жұрттың жексенбілік көңіл күйін жақсарту дейді ұйымдастырушылар. Экологиялық қозғалыс нысанына айналған велосипедпен жүруге деген сұраныс, қызығушылық жыл сайын артып келеді.

«Біз бастаған велошеруге екі мыңға жуық адам қатысып отыр. Жалпы жоспар бойынша мыңға жуық адам қатысуы керек болған. Алайда ойлағанымыздан да асып түсті. Мұнда велосипедтің түр-түрі, тіпті элктро самокаттар да бар», – дейді Алматы қаласы спорт басқармасы басшысының орынбасары  Еркебұлан КЕНЖЕБОЛАТОВ.

Шеру соңында «Ең жас шабандоз», «Көрікті костюм иелері» және «Белсенді отбасылар» аталымдары бойынша екі жүзден аса адамға бағалы сыйлықтар табысталды.

Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров