Екеуі де – балалар үйінің тәрбиеленушілері
Алматы облысында 25 бала Әбу-Дабиде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатынан медальмен оралды. Алтыннан алқа таққан оқушылардың екеуі – балалар үйінің тәрбиеленушілері, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
12 жастағы Жібек Құлымбетова осымен екі жыл қатарынан қарсылас шақ келтірмей, әлем чемионы атанып отыр. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жарыста жүзге жуық елдің спортшылары күш сынасқан болатын.
Ал, бразилиялық джиу-джитсу өнерімен айналысқанына бір жыл ғана болған Любовтің еңбекқорлығын көрген бапкерлер оны әлемдік бәйгеге бір-ақ қосқан. Балалар үйінде тәрбиеленген ол аптасына 7 күн ерінбей дайындалады. Соның арқасында небәрі 14 жастағы оқушы Әбу-Дабиде өзінен салмағы үлкен қарсыластармен түскеніне қарамастан, үшінші орын алған. Күреске дейін футболмен, бокспен де айналысқан ол болашақ өмірін спортпен байланыстырады.
«Мен №88 мектептің 7 "ә" сыныбында оқимын. Сабағым жақсы. Маған денешынықтыру пәні ұнайды. Өскенде осы балалар үйінде жаттықтырушы болғым келеді», – дейді джиу-джитсудан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Любовь ТЕМНИКОВА.
Боз кілемде араб, испан елдерінен келген жас балуандармен белдесіп, бас бәйгені жеңіп алған қыздың бірі – Аня. Алғаш 6-сыныпта жүргенде-ақ Әлем чемпионы атанып үлгерген Аня жылдам қозғалып, белдесулерін уақытынан бұрын аяқтап отырған. Осылайша өжет қыз 33 келі салмақ көрсеткіші бойынша елге алтын медальмен оралды.
«Спорт маңызды болса да, мен оқуды ешқашан тастамаймын. Білімсіз биікке жету қиын. Чемионатта араб қыздарымен төрт рет күрестім. Екі белдесу қиын, екеуі оңай болды. Жеңіске жеткенімді білгенде елімнің мені мақтан тұтатынына қуандым», – дейді джиу-джитсудан Әлем чемпионы Анна ВОДОЛАЗОВА.
Алматы облыстық №1 балалар үйінде қазір 108 тәрбиеленуші тұрып жатыр. Тәрбиешілер балалардың спортпен айналасуына барынша жағдай жасап, 23 үйірме ашқан. Оның ішінде триатлон, бассейн, гольф, үстел теннисі сынды барлығы 15 спорт үйірмесі бар, оған балалар арнайы көлікпен барып келеді.
«Мақсат – бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Балалар спорт секциясына қатысса, одан кейін міндетті түрде суретке немесе қолөнерге, вокалға барып, өз мүмкіндіктерін шыңдай түседі. Джиу-джитсуға 35 бала қатысады. Олың ішінде екеуі Әбу-Дабиге барып, бірінші және үшінші орын алып келді», – дейді Алматы облыстық №1 балалар үйінің директоры Гүлмира ҚОҢДЫБАЕВА.
Қыздар арасынан өзіне қарсылас таппай, ұлдардан айласын асырып жүрген тағы бір жас чемпион – Жібек Құлымбетова. Қатарынан екі рет әлем чемпионы болған Жібек Іле ауданында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы клубта жаттығады. Қазақ қызының жарысқа қатысатынын білсе, өзге елдің бапкерлері шәкірттерін Жібекті жеңу үшін арнайы дайындайтын болған. Бірақ Жібек бұл жолы да татамиде бес рет белдесіп, барлығын жеңіп кеткен.
«Мен 2019 жылғы Әлем чемпионатында бірінші орын алғанмын. Бұл жарыста менің салмағымда 33 қыз болды. Оның ішінде испан, украин, арабтар болды. Бес рет күрестім. Бес қыздың бәрін уақытынан бұрын ауырту тәсілімен жеңдім», – дейді джиу-джитсудан Әлем чемпионы Жібек ҚҰЛЫМБЕТОВА.
«Биылғы әлем чемпионаты бұрынғыдан қарағанда өте қиын болды. Бұрындары балалар үш қарсыласты жеңсе болды, чемпион атанатын. Осы жолы чемпион болу үшін бес-алты қарсыласын жеңу керек деген талап қойды», – дейді жаттықтырушы Нұрсұлтан ОРЫНБАСАРОВ.
Іле ауданынан Біріккен Араб Әмірліктеріне барған 32 оқушының 23-і мойындарына медаль тағып қайтқан. Енді олар жуырда Бішкекте өтетін халықаралық турнирге дайындалып жатыр. Түрлі демеушілер арқылы ғана балаларды жарыстарға жетектеп жүрген бапкерлердің ендігі мақсаты – «қара белбеу» деңгейіндегі чемпион тәрбиелеп, 2024 жылы алғаш рет Олимпиада ойындары қатарында өтетін бәсекеде бақ сынау.
Әмірболат Құсайынұлы, Валери Таубалдиев «Алматы» телеарнасы.