|
27.08.2024 | 18:21
70

Мемлекет басшысы: Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек

Президент ертең басталатын Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға да сәттілік тіледі

Мемлекет басшысы: Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек Ақорда

«Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек. Бұл – Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездескен Мемлекет басшысының сөзі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық құрамаға қосылған кез келген легионер, болашағынан көп үміт күттіретін біздің атлеттердің жолын кеседі. Одан гөрі, дамуы кенже қалған спорт түрінен кәсіби спортшы дайындайтын мықты бапкерлерді тарту қажет. Бүгін Олимпиада жүлдегерлерімен жүздескен Мемлекет басшысының айтуынша, салаға бөлінетін қаражат артқанымен, лайықты нәтиже жоқ.

– Сала министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді байрақты бәсекедегі жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі дегенді тілге тиек етті. Алтыннан алқа таққан Елдос Сметовтің жүлдесіне ерекше тоқталып, оның жеңісті жолы басқа спортшыларымызға жігер бергенін атап өтті.

– Әлемдік ареналарды әнұранымызды шырқатып, көк туды көкте желбіретуге мүмкіндік сыйлаған халқыма алғысымды айтқым келеді. Үш олимпиада ойынында аянбай еңбек етіп, тер төгіп, Париж олимпиадасы дзюдоның тарихындағы алтынды алсам деген арманым бар еді. Сол арманға сіздің және халықтың қолдауының арқасында жеттім деп білемін, – деді Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов.

– Жеңісіміздің артында халықтың, мемлекеттің сенімі мен қолдауы тұрғаны анық. Париж Олимпиадасында әлемнің мықты спортшыларымен күш сынасып, еліміздің абыройын намыспен қорғап, жеңіске жетуге бар күшімізді салдық. Әнұранымызды ойнатпасам да, еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, қола медальға жеткеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта да үлкен әлемдік ареналарда еңбектенуге бар күшімді салам, – деді Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұқаралық спортқа жүйелі қолдау көрсету, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін еске салды. Сондай-ақ спортшыларға толағай табыс тілеп, әлемдік додаларда жоғары жетістік көрсетулеріне тілектес екенін жеткізді.

– Біздің мақсатымыз – баршаға айқын. Бұл – озық ел болу. Сондықтан біз бір ел, бір халық болып, тек алға қарай жүруіміз керек. Олимпиаданың ең басты құндылығы – медаль ғана емес. Жаһандық бәсеке кезінде тұтас еліміз өзара тілектес, ниеттес болды. Ең басты құндылық – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ертең басталатын Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға да сәттілік тіледі. Одан бөлек, ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп жатқанына назар аударып, елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мән-маңызын тілге тиек етті.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент: Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі





Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир