Алматыда шахматтан әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Тартысты доданың бүгін төртінші күні. Қазақстан атынан жарысқа түсіп жатқан Динара Сәдуақасова шахматтың рапид түрінен күміс жүлдегер атанса, Жансая Әбдімәлік 5 орынға тұрақтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазбек Нөгербек – шахматтан әлем чемпионатында ел намысын қорғап жатқан отандастарымыздың бірі. Кешегі өткен жарыста ол ерлер арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Жаһанның 45 мемлекеті қатысып жатқан додада 300 ойыншының ішінен 38-орынға тұрақтады. Ойын тақтасын жанына серік еткеніне 12 жыл болыпты. Аз уақыттың ішінде дүниежүзінің біраз елінде болып, биік белестен көрініп те жүр.
«Ең мықты шахматшылармен ойнағанда жаңа құпияны білуге болады. Жаңа стратегия үйренесің және оны басқа ойындарда қолдануға болады. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе», – деді шахматтан әлем чемпионатына қатысушы Қазбек Нөгербек.
«Біздің қыздарға үмітіміз орасан. Себебі қыздарымыз блицты жақсы ойнайды. Сонымен қатар ұлдардан да үміт күтіп отырмыз. Ринат Жұмабаев қараша айында Азия чемпионы болды. Арыстанбек Оразаев екінші орын алған болатын», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Қатысушылар шаршы тақта алаңында блиц түрінен ойын көрсетіп жатыр. Мұнда қойылатын талап та қатаң. Себебі сайыс уақыты бар болғаны 3 минут. 21 турдан тұратын ойын бүгін кешке дейін жалғасады. Федерацияның атқарушы директорының айтуынша, шахматтың бұл түрінен де қазақстандық ойыншылардың аяқ-алысы жаман емес.
Айта кетейік, ерлер мен әйелдер арасында өткізіліп жатқан шахматтан әлем чемпионатында Қытай, Ресей, АҚШ пен Норвегия елдерінің қатысушылары дес бермей келеді. 5 күнге созылатын жаһандық доданың ертең ақтық финалы өтеді. Оқ бойы озық шыққан ойыншы 1 миллион АҚШ долларын қанжығасына байлайды.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!